Медбикелер науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді - маман

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің мүлтіксіз қызметіне байланысты. Мұндай пікірді Алматы қаласындағы Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибе орталығы медбикесі Светлана Искандарова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейіпкеріміз Светлана Искандарованың айтуынша, бала күнгі арманы - дәрігер болу еді. Алайда, әртүрлі себеппен медициналық жоғары оқу орнына түсе алмаған.

«Мен медбике болам деп ойлағам жоқ. Бала күнгі арманым - дәрігер болу еді. Алайда, медицина институтына оқуға түсе алмадым. Конкурстан өтпей қалдым. Сондықтан уақытты бекер жоғалтпайын деп медициналық училищеге түстім. Оқуымды тамамдаған соң отбасылық жағдайға байланысты Алматыдан кетуім керек болды. Жолдасымды жолдамамен ауылға жіберді. Сол жақта еңбек жолымды бастадым»,-дейді ол.

Медицина саласына 35 жылын арнаған медбике қазір осы мамандық иесі болғанына еш өкінбейді. Керісінше қуанады.

«Маған өз жұмысым қатты ұнайды. Ең бірінші адамдарға көмектесеміз. Оларды тыңдаймыз. Біреуге кішкене болса да6 пайдаң тисе, одан асқан бақыт бар ма? Емдеу мекемелеріне кімдер келеді? Әлбетте, дертіне шипа іздегендер. Мен қазір Алматы қаласындағы әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығында массажист медбикемін. Біздің орталық сөйлеу есту кемістігі бар мугедек балалармен жұмыс істейді. Яғни, бізге кішкентай науқастар келеді. Балаға көмектесу - барлық адамзаттың парызы деп ойлаймын. Медицина саласының маманы болмасаң да, оған барынша қолдау көрсетесің ғой. Мен өз басым балаларға пациент емес, өз балама, немереме, туысыма қарағандай қамқорлық танытамын. Оның еміне аса үлкен жауапкершілікпен қараймын. Кез келген ата-ана сәбиінің дені сау болғанын қалайды. Өз кәсібіңе адал болып, барынша қолдау көрсетсең, оны халық айтып жүреді. Шүкір еңбегімізге дән риза ата-аналар саны шексіз»,–дейді маман.

Светлана Искандарованың пікірінше, кез келген адам медицина саласының маманы бола алмайды.

«Медицина саласын таңдаған адам мамандығына адал, жүрегі мейірімге толы болуы керек. Жүрегі жылы маман адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Сонымен қатар, дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақтылы көрсетіп, өз міндетін мүлтіксіз атқаруына тікелей байланысты. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін де - солар»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар