Мәжілісте темекі өніміне акциздерді үйлестіруге арналған құжат мақұлданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісім жобасында 2024 жылдан бастап индикативтік мөлшерлеме мен одан ауытқу диапазондарын қолдану көзделіп отыр. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесіне акциздердің индикативтік мөлшерлемелерін бекіту және негізделген экономикалық орындылығы болған жағдайда оларды өзгерту бойынша өкілеттіктер беру көзделеді. Акциздер мөлшерлемелерін жақындастыру 2024 жылдан бастап жүзеге асырылатын болады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Оның айтуынша, әрбір бес жыл сайын бірыңғай индикативтік мөлшерлеме және одан ауытқу диапазоны белгіленеді.

«2024 жылы сигареттерге қатысты индикативтік мөлшерлеме 1000 дана үшін 35 еуроға баламалы мөлшерде ұлттық валютада белгіленген», - деді министр.

«Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Бұдан басқа, Заң жобасы темекі өнімдеріне арналған акциз мөлшерлемелерінің ұлғаюы есебінен бюджетке қосымша түсімді қамтамасыз етеді. Осылайша, Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында темекі өнімдерінің акциздерін салу саласында бірыңғай практика қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар