Мәжілісте Нұрлан Нығматулинннің қатысуымен бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заң жобасы талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілісте Палата cпикері Нұрлан Нығматулинннің төрағалығымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президенттің бастамасымен елде төтенше жағдай жариялануына байланысты дөңгелек үстел 9 аймақпен бейне байланыс форматында ұйымдастырылды.

Оған депутаттармен қатар, мемлекеттік орган басшылары, Мәжіліске кірмеген саяси партиялар, қоғамдық және мемлекеттік емес ұйым мүшелері, ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Алғы сөз алған Мәжіліс Төрағасы бұл құжат еліміз үшін өте маңызды екенін айта келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында митингтер туралы заңды жетілдіру туралы тапсырма бергенін атап өтті. Осыған орай, әзірленген заң жобасы қоғамдық деңгейде ұзақ талқыланып, Мәжіліс қарауына енгізілді. Бүгінде жұмыс тобы белсенді іске кіріскен.


Дөңгелек үстелде заң жобасының халық арасында пікірталас тудырған нормаларына баса назар аударылды. Мәселен, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу орындарына қатысты сұраққа келгенде Мәжіліс Спикері, барлық дамыған елдерде митинг, жиын, шеру басқа да бейбіт жиналыстарды өткізу үшін арнайы талап барын айтты. Мысалы, жиналысты ұйымдастырушылар оның мақсатын, тақырыбын алдын-ала айту керек.

Бұл әлемдік тәжірибе. Тақырып төңірегінде, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының» төрайымы Зәуреш Батталова, құқыққорғаушы Евгений Жовтис, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов басқа да қоғам белсенділері өз пікірлерін ортаға салды.


Н. Нығматулин бұл норманы екінші оқылымға дейін пысықтау керектігін айтты.

Заң жобасының пікір тудырған тағы бір нормасы ол өтініштер мен хабарландыруларды қарау мерзіміне байланысты. Үкіметтік жобада митингтер мен жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органға 15 күннен кешіктірмей, ал ереуіл ұйымдастыру үшін 10 күннен кешіктірмей хабарландыру жіберу керектігі туралы норма бар. Қоғамдық өкілдер бұл мерзімді қысқарту туралы пікірді алға тартты. Мәжіліс Төрағасы да осы пікірді қоста келіп, екінші оқылымға дейін нақтылауды тапсырды.

Талқыланып отырған құжаттың журналистерге қатысты нормасында да пікір алуандығы бар. Митингті жазып, көрсету үшін журналистерге қойылатын тыйымдар мен міндеттемелер тізімі наразылық тудырған.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, журналистердің құқықтары мен мәртебесі қорғалу керек. Себебі, журналистерді жан-жақты қолдаған кезде ғана еркін жұмыс істеп, халықты барлық ақпаратпен қамтамасыз ете алады. Сол үшін журналистерге бейбіт шеруге қатысумен қатар, барлық ақпараттарға ашық және тез қол жеткізуге мүмкіндік жасау керек.


Дөңгелек үстел барысында заң жобасының басқа да нормаларына қатысты өзекті сұрақтар көтерілді. Мәжіліс Төрағасы айтылған пікірлер мен ұсыныстардың барлығы екінші оқылымға дейін жұмыс тобында сараланып, пысықталатынын алға тарта келіп, халыққа қажетті, шынайы жұмыс істейтін заң қабылдау қажеттігін айтты.


Соңғы жаңалықтар