Мәжілісте күріш саласындағы диқандардың мәселелері көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов күріш саласымен айналысатын диқандардың мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың наурыз айында «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің атына су тапшылығына байланысты еліміздегі күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайту туралы мәлімдемесіне түсіндірме беруін сұрап сауал жолдаған болатын. Министрдің берген мардымсыз жауабына және жақында Ақжол партиясына келіп түскен Алматы облысының Балқаш, Ескелді ауданының күрішші диқандарының хаттарына орай бүгін қайта сауал жолдауға мәжбүрміз. Бір ғасырға жуық тарихы бар, аға буынның маңдай терімен суарылған, аштық пен соғыс жылдарында елге талғажау болған, кешегі дағдарыс уақытында ауылдардың тірегі болған «ақ алтынымыз», бүгінде қазақ елінің «Ақ маржан» брендіне айналған. Күріш егетін үш облысты қосқанда бір миллионға жуық азаматқа жұмыс беріп отырған күріш саласының ешқандай ғылыми зерттеусіз, бір параққа сиятын бұйрықпен сіздер қалай үштен бір бөлігін қысқартпақсыздар?! Күріш алқабы, жоғарыда айтылғандай, қысқарса, орта есеппен үш жүз мыңға тарта адам жұмыссыз қалмақшы, олардың жанұясын қалай асырайсыздар?! Әлде, олар да әлеуметтік көмектің кезегіне тұра ма ?!», - деді Б. Дүйсенбинов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, азық-түліктің қымбаттауы, пандемия, экономикалық дағдарыстар кезінде еліміздегі әрбір кәсіпорынның, жұмыс орнының, әсіресе, ауылдағы күнкөрістің маңызы өте зор. Тіптен жаңа жұмыс орнын ашу үшін мемлекетіміз миллиардтаған қаржы жұмсауда.


«Олай болса, ғасырлық тарихы бар, әлеуметтік, экономикалық құны баға жетпес сала туралы терең ойланып, елмен, мамандармен ақылдасып барып, салмақты әрі ашық шешім неге қабылдамайсыздар?! Алматы облысының күрішшілерінен келген хатқа сүйенсек, олар күрішті тек табыс табу үшін ғана емес, туған жерлерінің шөлге, тұзға айналмауы үшін экологиялық мақсатта егіп отыр. Еліміздің экологиясына жауапты мемлекеттік орган бұл мәселемен таныс деп ойлаймыз. Биыл қатты қуаңшылық болып, Сыр елінде, Түркістан мен Алматы облысының шөлейт аудандарында малға жем-шөп болып отырған да күріштің арқасында су ішкен күрмек шөп пен күріштің сабаны, яғни, күріш егілмесе, мал да азықсыз қалатын еді. Біздің құзыретті мемлекеттік органдар судың тапшылығын тек қана егістік алқапты қысқартудан ғана емес, Іле мен Дарияның, Жайық пен Ертістің басында отырған көршілерімізден және суды үнемді пайдаланудың заманауи технологисын қолданудан іздеу керек», - деді депутат.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, «Ақжол» фракциясы тиісті сауалдарды жолдады.

«Болашақта еліміздің экономикасында күріш саласы бола ма, жоқ па? Егер күріш өндірісі сақталып, су каналдарын, инженерлік дренажды жүйені қалпына келтіру жұмыстары басталса, осы жүйені болашақта өздері пайдаланатын диқандардың өзін жұмысқа тартуды жоспарлап отырсыздар ма? Ал енді күріш алқаптары қысқартылса, жұмыссыз қалған жоғарғы деңгейлі мамандарды басқа салаға, басқа кәсіппен айналысуға, мысалы, мал шаруашылығына бейімдеу қарастырылған ба? Олай болса, қысқы мерзімді пайдаланып, оларды қайта оқытып, көктемге қарай жаңа дақыл тұқымымен немесе аналық мал басымен қамту мүмкіндігі бола ма? Егер жоғарыда айтылған мәселелер шешілмесе, сарапшылардың пайымдауынша, үш жүз мыңға жуық азаматтарымыз жұмыссыз қалу қаупі бар. Бұл азаматтарымыздың көпшілігі қалаға келері сөзсіз, ауыл отасылары көпбалалы, оларды мектеппен, баспанамен, жұмыспен қамтуға дайынсыздар ма?», - деді Берік Дүйсенбинов.


Соңғы жаңалықтар