Мәжілісте кен қорларының сарқылуына қатысты мәселе көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сауытбек Абдрахманов кен қорларының сарқылуына қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздегі жер байлығы жағынан ерекше өңірдің бірі, тіпті бірегейі – Шығыс Қазақстан. «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай, Ағызған қара алтынды тастан Алтай» деп әнге қосылатын өзгеше өңірдің экономикасында, әсіресе, түсті металлургияның алатын орны ерекше. Бұл жердің қойнауында қымбат бағалы металл өндірілетін 50-ден астам кен орны бар екенін, титан, магний, тантал тек осы облыстан шығатынын, мырыштың, мыстың аса бай кеніштері сонда орналасқанын айтудың өзі жеткілікті. Алайда, алаңдататын жайлар да баршылық. Сайлаушылармен кездесулер барысында ортаға салынған мәселелердің Сіз басқаратын салаға тікелей байланысты қырын ғана қозғамақпыз. Геологияда минерал-шикізат базасының толықтырылуы оның өндірісінің көлемінен асып түсіп отыруға тиіс екендігі Википедияны түртіп қалған адамға да белгілі. Сала мамандары кейінгі кезде осы қағидаттың сақталмай отырғанын ашық айтады. Егер әр нәрсені өзінің атымен атайтын болсақ, отандық түсті металлургияның іргетасы саналатын бұл өңірде кен қорларының сарқылуға бағыт алғаны анық көрініп тұр», - деді С. Абдрахманов ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, кен орындарын игерудің қазіргі қарқынымен Шығыс Қазақстанның кен қорлары шамамен 2035-2040-шы жылдарға қарай түгесілуі де мүмкін деп санайтын мамандар да бар. Бұл күні ертең-ақ келіп қалатын уақыт. Мамандар өңір металлургиясын сырттан әкелінетін шикізатты өңдеуге қарай бейімдеу қажеттігі туындауы мүмкін екендігі туралы да айта бастады. Мұны көзге елестетудің өзі қиын. Сатып алынатын шикізатқа ауысқанда өнімнің өзіндік құны анағұрлым өсетіні, соған сай елдің экспорттық әлеуеті әлсірейтіні өзінен өзі түсінікті.

«Мәселенің түйіні неде? Мәселенің түйіні – геологиялық барлау жұмыстарында. Соңғы ширек ғасырдың ішінде бұл облыста ескі кен орындарына балама болатындай, соларды алмастыратындай бірде-бір ірі кен орны ашылмаған. Саланың кез келген маманы тұрмақ, мына біздің өзіміз кен орны ашылғаннан кейін де оны игеруді бастау талай жылдарға созылатынын жақсы білеміз. Геологияда жерді қазып қалып, кен орнын аша беретін кез келмеске кеткен. Жердің бергі қабатының бәрі зерттеліп біткелі қашан. Бірақ, қазақ жерінің қазынасы бәрібір қыруар. Ұлы ғалымымыз Қаныш Сәтбаев негіздеп кеткен металлогения мектебінің кен орындарының пайда болуы мен орналасу заңдылықтарын сипаттап беруі бойынша Шығыс Қазақстанда төрт бірдей кен белдеуі – полиметалл, алтын, сирек металл және мыс белдеулері бар. Олардың ендігі қазынасы әлдеқайда тереңде жатыр. Бұл қазына георадарлардың, жер серігі арқылы жасалатын түсірілімдердің, сейсмикалық және биохимиялық тәсілдердің арқасында ғана ашыла алады. Бұрын кен игеру тұрғысынан онша назар аударылмай келген Зайсан жерінен 5 миллиард текше метрлік табиғи газдың, 10 миллион тонналық мұнайдың, 100 миллион тонналық тақтатастың (сланец) болжамды қоры осындай тәсілдермен табылғанын Сіз жақсы білесіз», - деді С. Абдрахманов.

«Әрине, біз бір облыстан ғана мысал келтірумен шектелгенмен, бұл мәселе бүкіл ел көлемінде көкейкесті екендігі белгілі. Тәуелсіздік жылдарында мұнайды, газды геологиялық барлау жұмыстары үлкен табысқа қолымызды жеткізгенімен, түсті және сирек металдарда негізінен кешегі кеңестік кезеңде ашылған, аршылған кен орындарын игерумен келе жатқанымыз анық. Бұл сала серпілісті талап етіп тұр. Болашақта отандық металлургияны сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелді етіп қоюға жол берілмейді деп сенеміз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар