Мәжілісте 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы қаралып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы қалыпты экономикалық өсу жағдайында жүзеге асырылды. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 4,5 пайызды құрады. Негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 8,5 пайызға ұлғайды. Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі ауыл шаруашылығында – 41,1 пайыз, өнеркәсіпте – 15 пайыз, жылжымайтын мүлікпен операцияларда 14,7 пайызға өсті. Үкімет жұмыспен қамтамасыз ету, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау жөніндегі шараларды кеңейтті. Президенттің тапсырмасын орындау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының екінші деңгейлі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы 716 мың кепілсіз тұтыну қарыздары өтелді», - деді

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның сөзіне қарағанда, негізгі борышты төлеу шартымен өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салық рақымшылығын 56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі мен 750 мыңнан астам жеке тұлға пайдаланған.

«Осындай экономикалық ахуалда республикалық бюджеттің атқарылуы келесі көрсеткіштермен сипатталады. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 100,4 пайызға атқарыла отырып, 10,6 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,9 пайызға игеріліп, 12 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда 22 пайызға ұлғайып, 5,2 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 43 пайызы», - деп нақтылады министр.

Бюджет тапшылығы 1,3 трлн теңге болып, Жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,9 пайызды құрады.

«Қазақстанның борышы қауіпсіз деңгейде қалып отыр», - деді Е. Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар