Мәжілісмендер «басым туристік аумақты» басқаратын компанияны құруға қарсы болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы бойынша қорытындыны оқыған экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Павел Казанцев құжаттың басты міндеттерін атады.

«Заң жобасы «басым туристік аумақтар» ұғымын бекіту, осындай аумақта туристік қызмет объектілерін құру кезінде инвестициялық преференциялар беру, туроператорлық қызметті шығу, келу және ішкі туризм салаларына бөлу, шығу туризмі саласында азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесін жетілдіру және «трофейлік аң аулау» ұғымын енгізуді көздейді», - дейді Павел Казанцев.

Депутаттың айтуынша, заң жобасын талқылауда Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен мемлекеттік органдар, туристік ұйымдар өкілдерінің, сарапшылар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен саланы дамытудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізілген.

Кеңес қорытындысы бойынша депутаттар туристік саланы дамытуды мемлекеттік қолдау шараларын айқындауға және ынталандыруға, ішкі және келу туризмі саласындағы туроператорлық қызмет лицензиясын хабардар ету тәртібіне ауыстыруды алып тастауға және лицензиялау қызметінің осы түрін сақтауға бағытталған түзетулерді енгізген.

Сондай-ақ басым туристік аумақты басқару үшін басқарушы компания құру жөніндегі норманы алып тастауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес туристік қызмет объектілерін салуды жүзеге асыруға бағытталған түзетулерді қосқан.


Соңғы жаңалықтар