Мәжіліс ұлттық брендтеуді дамытуға қатысты құжатты бірінші оқылымда мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасына Парламент Мәжілісінің депутаттары 2020 жылы халықаралық тәжірибелерді талдау негізінде бастамашылық жасады. Ол 2018 жылы қабылданған ұлттық заңнамалық нормаларды дамытуға бағытталған, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына көшуді қамтамасыз етеді.

«Мәжілістің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігі Reed Smith компаниясының заң консультанттарын тарта отырып, заңнама мен құқық қолдану практикасына талдау жүргізді. Талдау қорытындысы бойынша Әділет министрлігімен бірлесе отырып, осы саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді. Жұмыстың нәтижелері депутаттық бастамаға негіз болды», - деп түсіндірді Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова.

Заң жобасында мынадай түзетулер ұсынылған:

- авторлардың заңды алымдар мен сыйақылар алу құқықтарын қорғау мақсатында ұжымдық ұйымдар қызметінің ашықтығына қойылатын талаптар күшейтіледі;

- ұлттық брендтеуді дамыту және өткізу нарығын кеңейту мақсатында «географиялық нұсқау» деген жаңа объект енгізіледі;

- тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерді қорғау үшін «қысқа мерзімді қорғау» режимі енгізіледі;

- тараптардың «оппозициялық» жүйені қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Бұл жаңалық өтінім сатысының өзінде тіркеуге қарсылық білдіруге рұқсат береді;

- патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін реттеуге қойылатын талаптар нақтыланады. Бұл құқық иеленушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бірқатар түзетулер ұлттық заңнаманы зияткерлік меншік саласындағы халықаралық актілермен үндестіру қажеттілігіне байланысты. Осы заң жобасының маңыздылығын, оның елдегі зияткерлік меншік саласын дамыту, құқық иеленушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін салдарын ескере отырып, Ұлттық зияткерлік меншік институтына барып, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Мәселелердің кең ауқымын талқылауға көрнекті халықаралық және отандық сарапшылар, Еуразиялық патенттік ведомствоның басшысы, судьялар, Сот төрелігі академиясының басшысы, ғылым, шығармашылық интеллигенция, авторлық қоғамдастықтар мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері тартылды. Заң жобасын қабылдау зияткерлік меншікке арналған құқықтарды қорғауды одан әрі күшейтуге және зияткерлік меншік саласындағы дауларды объективті шешу үшін жағдайлар жасауға ықпал ететініне сенімдіміз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар