Мәжіліс төрағасы заң жобаларына қатысты министрлерді сынады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов заң шығару процесіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент пен Үкіметтің бірлесіп тиімді жұмыс істегенін айта отырып, заң шығару процесіне теріс әсер ететін жекелеген кемшіліктерді де атап өткен жөн. Жүйелі кемшіліктердің бірі – дұрыс жоспарламау, заң жобаларының жеткілікті пысықталмауы және дайын болмауы. Үкіметтің көбінесе мерзім жақындаған кезде белсенділігі арта бастайды. Мұны, әдетте, жылдың немесе сессияның соңында байқауға болады», - деді Е. Қошанов.

Оның айтуынша, Парламент қабырғасында заң жобаларының көптеген нормаларын қайта өңдеп шығу, жекелеген нормалар бойынша Үкімет мүшелерінің нақты ұстанымының болмау үрдісі қалыптасты.

«Мысалы, денсаулық туралы кодекстің бір нормасы тек бірінші жартыжылдық ішінде

қарама-қарсы позицияда екі рет түбегейлі өзгерді. Қаңтар айында елімізде тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шекті бағасыз сатып алуға және бірлесіп төлеуге жол берілмейді деген норма қабылданды. Алайда маусым айында бұл норма қайта алып тасталды. Екі жағдайда да өзгерістің қажеттілігі халықтың дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін деген уәжбен түсіндірілді. Мұндай фактілер бірлі-жарым емес»,- деді Мәжіліс төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, қаралып жатқан заң жобаларына өзгерістер толассыз енгізіледі, олардың ішінде жобаның тұжырымдамасына сай келмейтін түзетулер де бар.

«Соның салдарынан заң жобасының бастапқы концепциясы айтарлықтай өзгереді. Министрлер депутаттар арқылы өздерінің «жанып тұрған» мәселелерін шешіп қалғысы келетін жағдайлар да бар. Бұл Мәжілісте де, Сенатта да қаралу сатысында кездеседі. Осының салдарынан Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат түзетулермен қайтаруға мәжбүр болады. Көп жағдайда бұл жаңа түзетулер – Мәжілісте ұсынылмаған және талқыланбаған нормалар болып келеді. Заң жобаларын сапасыз дайындау және сараптамаларды уақтылы жүргізбеу Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін», - деді ол.

«Депутаттардың түзетулеріне қорытындылардың уақтылы берілмеуі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Мысалы, бала құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің жауабы 5 айдан кейін келді. Соның салдарынан, бұл заң Мәжіліске енгізілгеннен кейін екі жыл өткен соң ғана қабылданды. Заң жобаларын Парламенттің қос Палатасында таныстыру кезінде жекелеген министрліктер мен ведомстволар баяндамашыларының дайындығы жеткіліксіз болатын жағдайлар да кездеседі. Заң жобалары мен сараптамалардың сапасын бағалау алдағы уақытта да Парламенттің ерекше бақылауында болады», - деді Мәжіліс төрағасы.


Соңғы жаңалықтар