Мәжіліс төрағасы Молдова және Ауғанстан делегацияларымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Молдова Республикасы Парламентінің төрағасы Зинаида Гречаный бастаған делегациямен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Молдова делегациясы 24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында басталатын Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуға келген.

Тараптар екіжақты, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Н. Нығматулиннің айтуынша, елдеріміз арасында саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар қарқынды дамып келеді.

Кездесу иелері екі елдің әріптестігін күшейтуде Парламенттер рөлінің зор екенін айтты. Молдова Парламентінің төрайымы ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер арқылы Қазақстанмен парламентаралық байланыстарды нығайтуға ынталы екенін жеткізді.

Мәжіліс төрағасы, елдер парламенттерімен қатар, ТМД ПА, ЕҚЫҰ ПА басқа да халықаралық парламенттік ұйымдармен белсенді іс қимылдың қажеттілігін атап өтті.

Кездесу соңында мәртебелі мейман арнайы шақыру үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Ауғанстан Парламенті Волеси Джирга төрағасы Мир Рахман Рахмани бастаған делегацияны қабылдады.

Делегация Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне қатысуға келген.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Ауғанстан Ислам Республикасы Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды саяси әріптесі.

Қазақстан аталған елдегі жағдайды тұрақтандарыу бойынша халықаралық қауымдастық күшіне өз үлесін қоса отырып, қаржылық, техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыратын болады.

Өз кезегінде Мир Рахман Рахмани Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан көмек үшін, соның ішінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған ғылым, білім жобалары үшін алғысын білдірді.

Тараптар 65 елдің өкілдері жиналған беделді форум қатысушы барлық елдерге жан-жақты тиімді және пайдалы пікір алмасуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Мәртебелі мейман арнайы шақыру үшін алғысын жеткізді.



Соңғы жаңалықтар