Мәжіліс референдумдағы бюллетеньдерге қатысты құжатты мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы республикалық референдум өткізу кезінде пайдаланылатын бюллетень нысандарын біріздендіру мақсатында әзірленді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы отырысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұл - орынды ұсыныс, қоғам өмірінің неғұрлым маңызды мәселелеріне қатысты шешімдерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешу – халық билігінің әділетті қоғам құруының айрықша көрінісі», - деді Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов.

Оның айтуынша, заң жобасына енгізілетін нормаға сәйкес референдумның бюллетеніндегі сұрақтарға бірде-бір жауап белгіленбесе, ол нұсқа жарамсыз деп танылады. Сонымен бірге, ұсынылған жауаптардың барлық нұсқалары белгіленсе ондай бюллетеньдер жарамды деп танылады.

«Алайда бұндай бюллетеньдер дауыс беру кезінде есепке алынбайды. Сонымен қатар, дауыс берушінің бюллетеньде кез келген белгі қою арқылы дауыс беру еркі нақтыланады. Бұл норма, өз кезегінде, дауыс беру рәсімін жүзеге асыру процесінде азаматтарға қолайлы жағдай жасайды. Заң жобасын қабылдау бюджет шығыстарын талап етпейді», - деді депутат.

Палата депутаттары талқылаудан кейін аталған құжатты мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл заң жобасы референдум туралы құжаттың мазмұнын өзгертпейтінін айтты. Түзетулер тек нақтылау сипатында ғана болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жолы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.



Соңғы жаңалықтар