Мәжіліс қоғамдық кеңестердің қызметін реттейтін заң жобасын мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілісте ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданып, құжат Сенатқа жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс отырысында заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Арман Қожахметов заң жобасы қоғамдық кеңес институтын одан әрі дамытып, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына азаматтық қоғамды тарту тетіктерін жетілдіру мақсатында әзірленгенін мәлім етті.

Заң жобасына сәйкес, қоғамдық кеңестің қызметін материалдық-техникалық және қаржылық тұрғыдан қамту – осы қоғамдық кеңес құрылатын органға бекітіледі.

Қазір өңірлік қоғамдық кеңестер әкімдіктердің қатысуымен қалыптасып келеді, бұл қоғамдық кеңес ұстанымдарының тәуелсіздігі мен объективтілігіне белгілі бір дәрежеде күмән тудырады.

Осыған байланысты депутаттар қоғамдық кеңестің қызметін жергілікті деңгейде ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету жөніндегі функцияны әкімдік құзыретінен алып тастауды және оны мәслихаттарға бекітіп беруді ұсынды.

Осыны негізге ала отырып, мәслихат хатшысы еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты бойынша тартылатын қызметкерді дербес айқындайды, ол қоғамдық кеңес хатшысының міндеттерін атқарады.

Депутаттардың ұсынысы бойынша, қоғамдық кеңестің мүшесі ұсынылған коммерциялық емес ұйымды тарату қоғамдық кеңестің құрамынан мерзімінен бұрын шығаруға қосымша негіз болады.

«Қоғамдық кеңестер туралы алғашқы заң осыдан бес жыл бұрын қабылданған болатын. Бірақ қазір уақыт талабына сай бірқатар маңызды өзгеріс енгізіліп отыр. Мысалы, енді тек мемлекеттік органдар емес, квазимемлекеттік секторда да қоғамдық кеңес құрылады. Сонымен бірге, қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алу жұмыстарына қатысады. Осы сияқты басқа да керекті түзетулер енгізілді. Оның барлығы билік пен қоғам арасындағы байланысты, диалогты күшейтіп, жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», - деді заң жобасы жайлы Нұрлан Нығматулин.

Соңғы жаңалықтар