Мәжіліс ЕАЭО мемлекеттерінің кедендік әкелу баждарын бөлу нормативтерін мақұлдады
«Хаттамада кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтерін бекіту көзделеді. Нормативтердің мөлшері мүше бес мемлекет үшін айқындалған. Бұл ретте Қазақстан үшін норматив 6,955% болып отыр», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.
Аталған нормативтер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында кедендік әкелу баждарын бөлуге мөлшерлес тәсілді қамтамасыз етуге арналған.
«Сондай-ақ, Хаттамада мүше мемлекеттердің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бірлескен бақылау іс-шаралары аясында мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының осы Хаттаманың ережелерін сақтауын жыл сайын тексеретіні айқындалған. «Халықаралық шарттар туралы» Заңға сәйкес осы Хаттама ратификациялауға жатады. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды», - деді министр.