Мәжіліс депутатына құрылыс материалдарының қымбаттауынан туындаған проблемалар айтылды - Қарағанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Айгүл Жұмабаева Қарағандыдағы облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен бірге қаладағы және елді мекендердегі құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында құрылысшылар депутаттарға құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты проблемаларды айтып, шығынға ұшырағандары жайлы баяндады.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар үлкен шығынға ұшыраса да, жұмыс істеуге мәжбүр.

Атап айтқанда, Саран қаласында «Аспап» өндірістік кооперативі спорт залдың құрылысын аяқтай алмай отыр.

Сонымен қатар, ақжолдық депутаттар Саран және Абай қалаларындағы құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендеріне де барды. Ол жақтағы жағдай да құрылыс заттарының күрт өсуімен байланысты.

Іссапар барысында депутаттар Шахтинск қаласындағы автовокзалды қайта жөндеу жұмыстарымен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша аталған проблемаларды шешу үшін халық қалаулылары күш-жігерлерін жұмсайтындарын айтты.

Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс депутаттары өздерінің депутаттық сауалдары арқылы Үкіметке құрылыс материалдары нарығында тәртіп орнатуды сұраған болатын.


Соңғы жаңалықтар