Мәжіліс депутаты 5 жылдық бағдарламаларды сынға алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Салалық бағдарламалардың 5 жылға ғана межеленуі – айқын олқылық. Мәжіліс депутаты Ерлан Қожахметов мұнай-газ-химия саласын дамытуға арналған отырыста осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның мұнай-газ-химия саласындағы дамуын бағалаған сарапшылар, кейінгі 20 жылда Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан сияқты көрші елдердің қуаты артып, алға кетіп қалғанын айтып жүр. Аталған елдерде полиэтилен өндірісінің көлемі 75 пайызға артқан. Өзбекстан 2030 жылға дейін осы салада 123 млрд доллардың 31 жобасын іске асырмақшы. Ресей Федерациясы жаңа зауыттар іске қосқаннан кейін жылына 11 млн тонна полиэтилен шығарып, Еуропа мен Қытай үшін өңірдегі ірі экспорттаушыға айналады. Қазақстан өзінде полиэтилен өндірісі болмаса да, 2014 жылы 225 мың тонна өнім экспорттаған. Осының бәрін ескерсек, шұғыл шара қолданбаса, Қазақстан ірі инвестициялар мен жоғары технологиялардан қағылуы мүмкін», - деді Мәжіліс өкілі.

Оның айтуынша, мұнай-газ-химия саласында әлемдік деңгейде де, өңірлік деңгейде де бәсеке артып келеді.

«Бір уақыт көрші елдердің ұлттық жобаларын жасаған сарапшылардың талдауына мән беру керек. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мүшесі мұнай-газ-химия өнімінің экспортын арттыруға басымдық беріп отыр. Сөйте тұрып әр елге нақты бір өндірісті тапсыру арқылы ортақ нарық қалыптастыруға ешкім ынта танытып отырған жоқ. Әр ел бір-бірін мұнай-газ-химия саласындағы қолжетімді нарық ретінде көріп отыр. Ал үшінші елдерге экспорттауда бір-бірімен бәсекеге түсуге мәжбүр. Бұл арадағы қайшылықты ғана туындатады. Осыған байланысты одақтас елдердің өнеркәсіп саясатын үйлестіру керек. Ол үшін терең өнеркәсіптік кооперацияны іске қосу тиімді», -деді Ерлан Қожахметов.

Мәжіліс елдегі салалық бағдарламалардың 5 жылмен ғана шектелуі инвесторларға ыңғайсыз деген ой айтты.

«Қазақстан үшін маңызды салалық бағдарламалардың көжиегі 5 жылдан аспайды. Мұнай-газ-химия саласында ғана емес, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, металлургия саласында да осылай. Бұл – айқын олқылық. Салалық бағдарламалар ұзақ мерзімге құрылғанда ғана инвесторларға елдің жалпы даму бағытын көріп, жоспарлар құруға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін салаға 4,2 трлн инвестиця тарту көзделіп отыр. Оны орындау үшін аталған сын-қатерлерді ескеруіміз керек», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар