Мәжіліс депутаттарын сайлауға ЕҚЫҰ байқаушылары қатыса ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға байқаушыларын аккредиттеу туралы өтініш берген жоқ. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орталық сайлау комиссиясы байқаушылар институтын ашқанын білесіздер. Сыртқы істер министрлігі арқылы ынтымақтастық жолға қойылған барлық халықаралық ұйымға, оның ішінде ЕҚЫҰ-ға да ұсыныс жіберілген болатын Бүгінгі күні аталған ұйымнан аккредиттеуге өтінім келіп түскен жоқ. Дегенмен, уақыт бар, күтеміз», - деді ол ҚР ОСК отырысынан кейін ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында.

Айта кетерлігі, бүгін ол комиссия отырысында 10 шетелдік байқаушыны аккредиттеу туралы қаулы жобасын таныстырған болатын.

«2020 жылғы 25 және 26 қарашада Сыртқы істер министрлігінің 10 байқаушыны аккредиттеу туралы ұсыныстары келіп түсті. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр. Ұсынылған тізімде 6 байқаушы ТМД байқаушылары миссиясының құрамында, 4 байқаушы Ислам Ынтымақтастық Ұйымы миссиясынан аккредиттеледі», - деген еді А.Щегорцова.

Жалпы осы уақытқа дейін ҚР ОСК Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан 29 байқаушыны аккредиттеді.



Соңғы жаңалықтар