Мәжіліс депутаттары Жамбыл облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Қожахан Жабағиев пен Бақытжан Ертаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, бірқатар нысандарды аралап, қызметкерлермен кездесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдымен Қаратау қаласындағы «Жамбыл-Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барған Мәжіліс депутаттары жылына 300,0 мың тонна цемент шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Ондағы істерді көзімен көрген Мәжіліс депутаты Қожахан Жабағиев ең маңыздысы жұмыс орындарын көптеп ашып, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру екендігін еске салды, аудан басшыларымен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.

Келесі кезекте халық қалаулылары жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Кәсіпорын басшысы Ерлан Нұрханов депутаттарды жұмыс барысымен жан-жақты таныстырды. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары «Қаратау Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соғып, құрылыс материалдарына қажетті өнім шығарып жатқан кәсіпорынның жұмысын көзбен көріп, атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.


Жұмыс сапарының соңында Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев пен Қожахан Жабағиев «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында бір топ тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев облысымызға сапары барысында қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандарымен кездесіп, еркін форматта пікірлесті.

Депутаттардың өңірдегі жұмыс сапары жалғасуда.



Соңғы жаңалықтар