Мәжіліс баламалы энергияны дамыту туралы жаңа заңның басымдықтарын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелері «Қазақстан Республикасында баламалы энергия көздерін дамыту туралы» тақырып бойынша отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның бастамасымен ұйымдастырылды. Отырысқа Мәжіліс депутаты Альберт Рау төрағалық етті. Талқылау барысында баламалы энергия көздерін дамыту туралы жаңа Заңды әзірлеу мәселелері көтерілді.

ҚР Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов Заң жобасының негізгі міндеттеріне кіретін мәселелерді жіпке тізді. Оның айтуынша, парниктік газ қалдықтарының деңгейін төмендете отырып, Қазақстанда энергетика саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, баламалы энергияны дамытуды ғылыми-техникалық қолдау, оқу орындарында тиісті мамандарды даярлау, отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, осы саладағы кәсіпкерлікті қолдау және т.б мәселелер жаңа заңның негізгі міндеттемелері болып есептеледі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов өз кезегінде 2060 жылға дейін Қазақстан Республикасының көміртекті бейтараптылығына қол жеткізу Доктринасын (стратегиясын) әзірлеу туралы баяндады. Ол елдің алдына 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу және республиканың энергетикалық балансында (қазіргі көрсеткіш шамамен 3%) жаңартылатын энергия көздерінің 50% үлесін қамтамасыз ету мақсаты жоспарланғанын айтты.

Дариға Назарбаева өз сөзінде: «Баламалы энергия көздерін дамыту туралы жаңа Заңды әзірлеу барысында Үкіметтің осы салаға қатысты жан-жақты зерттеуі болғаны маңызды. Себебі, бұл экономиканың барлық салаларына әсер етеді. Міндеттемелерді орындауға нақты қалай қарау керектігін толық түсіну үшін механизмдерді пысықтау керек. Бұл ретте сандар мен есептеу нәтижелерінің болуы маңызды», - деді.

Көмір шахталарына не істеу керек? Біз қалай жұмыс орындарын сақтай аламыз? Қоршаған ортаға ең аз әсер ететін көмірді пайдалану технологиялары бар ма? Энергияны тұтынатын халық үшін тариф қай мөлшерде белгіленеді? Депутат осындай жеке талдауды және белгілі бір тәуекелдерді қажет ететін бірнеше мәселелерді атап көрсетті.


Соңғы жаңалықтар