Мажарстан Қазақстанның вакцинациялау паспортын мойындаған ЕО-дағы алғашқы ел болды

None
None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат – Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы байланыстар министрлігінде Қазақстан Елшісі Жәнібек Әбдірашов Мемлекеттік хатшының орынбасары Андраш Баранимен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы вакцинациялау сертификаттарын/паспорттарын өзара тану туралы вербалды ноталармен алмасты. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Мажарстандағы Елшілігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Иммундау сертификаттарының болуы Covid-19 вирусының таралуын болдырмауға бағытталған шектеу шараларынсыз (ПТР тест және карантин) екі ел азаматтарының Қазақстан Республикасына және Мажарстанға кіруіне кепілдік береді.

Өзара мойындау шекараларды ашу және Будапешт пен Нұр-сұлтан арасындағы тікелей әуе қатынасын жандандыру бойынша алғашқы қадамдардың бірі болып табылады.

Осылайша, Мажарстан Қазақстандық вакцинация сертификаттарын/паспорттарын мойындайтын Еуропалық Одақтың алғашқы елі болды.


Соңғы жаңалықтар