Мажарлар ежелгі түркілердің Карачун мерекесін атап өтті

None
None
БУДАПЕШТ. ҚазАқпарат - Мажарлар ежелгі түркілердің Нартуған (Карачун) мерекесін атап өтті. Бұл мейрам Қазақстанда Нартуған деген атпен танымал, деп хабарлайды ҚазАқпарат kurultaj.hu сайтына сілтеме жасап.

Карачун ең көне еуразиялық әдет-ғұрып болып саналады, осы орайда қысқы күн тоқырауы мейрамы тойланады. Карачунді «қара түн», сондай-ақ «қара шың» деп түсіндіруге болады.

Осы мереке аясында қатты аязды түнді өткергеннен кейін, үлкен алау жағылып, оның шоғымен жерді қыздырған. Осыдан соң келесі күні жаңа кезең басталды деп есептелген. Яғни, түн біртіндеп қысқарып, табиғат жаңа кезеңге өтіп, бұл мерзім Наурызға дейін жалғасады.

Бүгінде Карачун мажар елінде атап өтілуде. Олар ежелгі түркі сөзіне сүйене отырып, «Карачон» дейді.

Мереке бағдарламасы бойынша, мажарлар бүкіл ел аумағында үлкен алау жағып, шаман әндерін шырқайды. Бұл рәсімнің мәні - жарық сәуленің жылдың ең ұзақ түнін тезірек жеңіп, қайта жарқырауына жәрдемдесуде.

Айта кетейік, «Мадияр-Тұран» қоры соңғы жылдары дәстүрлі түрде Карачунді мерекелеуді ұйымдастырып келеді.

Соңғы жаңалықтар