+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Майданнан оралмаған қазақстандық жауынгерлердің сүйегі туыстарына тапсырылды

2021 жылғы 11 маусым 21:58
Бөлісіңіз:
Майданнан оралмаған қазақстандық жауынгерлердің сүйегі туыстарына тапсырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазақстан қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші дүниежүзілік соғыстағы ұрыс алаңдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің туыстарының қатысуымен іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Іздестіру топтарының жұмысының арқасында хабар-ошарсыз кеткен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы Рапық Шәмішев және 1942 жылы ақпанда Қорғалжын аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған қызыл әскерлер – Кәмен Жұманов, Толысбай (Төлебай) Жұмабековтың сүйектері елге жеткізілді. Олардың сүйектері туған жердің қойнауына тапсырылатын болады.

– Менің әкем Рапық Шәмішев 1912 жылы дүниеге келген. 1942 жылы оны Қарқаралы ауданының әскери комиссариаты әскер қатарына шақырды. Мен ол кезде төрт жаста, інім екіде еді. Анамның айтуынша, әскери комиссариаттан адамдар келіп, сол түні әкем соғысқа аттанған. Біз жылап қалдық. Оны табылғанын айтқан кезде, мен сенбедім, шатастырған болар деп ойладым, өйткені көп уақыт өткен еді, – деді сарбаздың қызы Еркеш Шәмішева.

Сарбаздардың сүйектерін «Ржев. Калининский фронт-2021» атты халықаралық экспедиция кезінде ресейлік «Пионер» іздестіру жасағы тапқан. Қазақстанға Әскери-әуе күштерінің әскери-транспорттық авиация бортымен жеткізілді.

– Ай сайын бізге қаза тапқан және хабарсыз кеткен сарбаздардың туыстары мен жақындарынан он шақты өтініштер келіп түседі. Біз Қазақстан мен Ресейдің іздестіру жасақтарымен тығыз байланыста болып, Ресей Федерациясы аумағында табылған жауынгерлердің туыстарын іздеуде әскери комиссариаттармен жұмыс жасаймыз, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи мұражайы іздестіру-экспедициялық жасағының қызметкері Әсем Қанапина.

Соғыс жылдары Қазақстаннан әскерге шақырылып, із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі іздеу жұмыстарымен белсенді айналысады.

– Бүгінгі іс-шара – көптеген адамның, ұйымның, бірінші кезекте Қазақстан және Ресей қорғаныс министрліктері мен «Пионер» іздестіру жасағының ауқымды жұмысының нәтижесі, – деді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мұрат Молдағалиев.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT