Майданда қаза тапқан сарыағаштық жауынгер жайлы туыстары 75 жылдан кейін білді

None
None
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарыағаштық майдангер Бегмат Сүлейменов туралы туыстары 75 жылдан кейін білген. Ресейлік «Халық естелігі» жобасы аясында 15 млн жуық құжат жария болып, онда майданда мерт болған сарбаздар туралы мәліметтер жарық көрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Анар Оразымбетқызының айтуынша, соғысқа оның әкесі бауырымен бірге аттанған. Ағайынды Оразымбет Сулейменов пен Бегмат Сулейменов екі жаққа бөлініп, майдан шебінде бір-бірінің жағдайын білмеген. Соғыс аяқталғанда ағасы оралып, інісі хабар-ошарсыз кеткен. Оның артынан тіпті қаралы қағаз да келмепті.

«Әкемнің бауыры, өз еркімен соғысқа аттанған Бегмат Сүлейменов ағамыз туралы 75 жыл өткенде осы жаңадан шыққан портал арқылы білдік. Қай жерде соғысып, қай жерде қайтыс болғанын және жерленгені жайлы ақпарат алдық. Осы уақытқа дейін ол кісі туралы ешқандай мәлімет таба алмаған едік. Өз әкем, соғыс ардагері Оразымбет Сүлейменов бірнеше медаль және алғыс хаттармен марапатталған. 90 жасында ұл-қыздары және немерелерінің ортасында дүние салды»,- дейді майдангердің қызы Анар Әлиева.

Айта кетейік, екінші дүниежүзілік соғыста мерт болған көптеген боздақтарға қатысты ақпарат соңғы жылдары ғана жарыққа шыға бастады. Қазақстандықтар жақындарының қай жерде жерленгенін 75 жыл өткеннен кейін ғана тауып жатыр.

Ұзақ жылдар шаң басып жатқан құжаттарды қайта көтеріп, цифрлық жүйеге жүктеген ресейліктердің еңбегін ерекше айта кетуге болады.


Соңғы жаңалықтар