Мәулен Әшімбаев Түркияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджиді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар сауда, экономика, мәдениет және білім беру салаларына қатысты екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

«Түркия – еліміз үшін саяси, мәдени және экономикалық-инвестициялық тұрғыдан маңызды стратегиялық серіктес мемлекет. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап қазақ-түрік байланыстары барлық салада қарқынды дамып келеді. Бүгінде мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы тұрақты қарым-қатынастың арқасында өзара ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сұхбаттасушылар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі аясында түркітілдес халықтардың интеграциясын дәйекті түрде дамыту мәселелеріне назар аударды.

Одан бөлек, Сенат Спикері бүгінде екі мемлекет арасында парламентаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Мәулен Әшімбаев бұл бағытта Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айтты.


Соңғы жаңалықтар