Мәулен Әшімбаев мүмкіндігі шектеулі балаларды Білім күнімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан бойынша мыңдаған оқушы бүгін мектеп табалдырығын аттады. Солардың ішінде ерекше қамқорлықты қажет ететін 50-ге тарта бала елордадағы №1 мектеп-интернаттың бірінші сыныбына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№1 мектеп-интернатта қазіргі таңда 500-ге тарта бала оқып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім ордасының ұстаздары, оқушылары мен ата-аналарын Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев құттықтап қайтты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсету – мемлекеттік органдардың және әрбіріміздің жұмысының басым бағыттарының бірі болуы керек. Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға барлық жағдай жасалып, сапалы білім берілуі тиіс. Олар әлеуметке сіңіп, даму даңғылынан қалмауы қажет. Дәл осындай амал-әдісті іске асыру бізді шынында да, нағыз дамыған қоғам екенімізді айқындай түседі», - деді Мәулен Әшімбаев Facebook-те.


Президенттің көмекшісі білім саласындағы заманауи реформалар балалардың сыни ой-танымын жетілдіріп, ақпаратты талдау дағдысын дамытуы тиіс екенін сөз етті. Ол үшін қазақстандықтар мұғалімдерге деген қарым-қатынастарын өзгертуі керек.

«Біз ең сәтті деген реформалардың өзі тәжірибе жүзінде мұғалімнің басын ауыртатын әуреге айналып кететінін білеміз. Ауқымды жүктеме, бітпейтін күйзеліс, жеткіліксіз айлық, оған қоса жұмыстан тыс қайдағы бір шараларға шапқылау – бұл біздің педагогтардың күнделікті көріп жүрген ісі», - деді ол.

Бұған қоса Мәулен Әшімбаев тамыз конференциясындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін тілге тиек ете келе, бұл мәселелердің бәрі де шешілетінін айтып өтті.

«Айлықтың екі есе артуы,кәсіби өсімге жасалған жағдай, қосымша еңбек демалысы мен басқа да шаралар педагогтарды жігерлендіре түсері сөзсіз», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар