+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

Массаж жасаушы: Арбаға таңылған әкемді аяғынан тұрғыздым

2020 жылғы 19 қаңтар 11:30
Бөлісіңіз:
Массаж жасаушы: Арбаға таңылған әкемді аяғынан тұрғыздым

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының тұрғыны Ботагөз Түгелдейқызы массаж жасау арқылы дерттің дауасын тауып, емдеумен айналысады. Екі аяғы жансызданып, мүгедектер арбасына таңылған әкесі оның массаждың қыр-сырын меңгеруіне себепші болған. Адам денесіндегі әрбір ағзаға жауап беретін нүктелер мен массаж туралы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Ұқсас жаңалықтар
Алматы COVID-19-бен күресте басқа өңірлермен тәжірибе бөлісіп жатыр Алматы әкімі жаңа модульдік аурухананың видеосын жариялады Қазақстанда коронавирустан 37 бала емделуде

АДАМНЫҢ АЯҒЫ – ЕКІНШІ «ЖҮРЕГІ»

- Қай жылы қандай оқу орнын бітірдіңіз?

- 2008 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Медицина университетінде 1-курсты тәмамдап, Моңғолияның Ұланбатыр қаласындағы Ұлттық медициналық университеттің Дәстүрлі медицина бөлімінде оқуымды жалғастырдым. 2013 жылы Қожа Ахмет Ясауи университетінің Шығыс медицинасы бөлімінде тағы бір жыл оқып, білімімді жетілдірдім. Сондай-ақ, Қытай, Түркия, Ресей мемлекеттеріне барып, арнайы курстардан өттім.

- Шығыс медицинасымен айналысқаныңызға қаншы жыл болды?

- Шығыс медицинасымен айналысқаныма 12 жыл болып қалды. 2008 жылы оқуға түскен кезден бастап массаж жасауды үйреніп, денедегі әр ағзаға жауап беретін нүктелерді меңгеріп, тереңірек зерттей бастадым.

- Нүктелерге қатысты мысал келтіре аласыз ба?

- Адамның табанын «Екінші жүрек» деп айтады, себебі адам бойындағы тамырлар табанға келіп тіреледі. Біздің денеміз табанда орналасқан биологиялық белсенді нүктелерге әсер етіп, қан айналымы мен зат алмасуға ықпал етеді. Дәл осы табанымызда денедегі әрбір органға жауап беретін нүктелер болады. Оған қарап, адамның қай жері ауыратынын анықтауға болады.

ӘКЕМЕ ҮШ АЙ ҮЗДІКСІЗ МАССАЖ ЖАСАДЫМ

- Медицинаның басқа емес, осы саласын тереңірек зерттеуіңізге не түрткі болды?

- 18 жасымда анам инсульттан қайтыс болды. Осы жағдайдан кейін мен медицина саласында қызмет еткім келетінін түсіндім. Одан кейін әкемнің екі аяғынан жан кетіп, ісіп, мүгедектер арбасына отырып қалды. Оны апармаған дәрігеріміз болмады, ешқандай ем қонбады. Тіпті диагнозын таба алмады. Сол кезде массаж жасауды үйренуім керек екенін түсіндім. Сөйтіп массаждың қыр-сырын меңгеріп, әкемді емдей бастадым. Ақыры дертіне дауа таптым. Оның жүйкесі қысылып қалған екен. Үш ай үздіксіз массаж жасап, Алланың қалауымен аяғынан тұрды. Міне, содан бері 9 жыл өтті. Кейбіреулер менің емшілік қасиетім бар деп ойлайды, бірақ олай емес. Бар болғаны – өз саламды жақсы меңгергем және өз жұмысымды жақсы көремін.

МАССАЖ ТҮРЛЕРІ

- Шығыс медицинасының Батыс медицинасынан артықшылығы неде?

- Шығыс медицинасында науқасты емдеу үшін ине шаншу, күйдіру, қан алу, массажбен, отпен, шөппен емдеу сияқты кешенді әдістерді қолданады. Ем-домға химиялық қоспасыз заттар пайдаланылады. Науқастың тамырын ұстап, қай жері ауыратынын анықтап, қай маманға жүгіну керек екенін айтамыз. Өзім отбен булау, ине шаншу және массаж түрлерін көп қолданамын.

- Қандай массаж түрлері бар?

- Жаңа туған сәбидің денесін тарқатып, ары-бері аунатып, қан айналымын жақсару үшін массаж жасаймыз. Массаж жасаудың маңызы зор. Жаңа туған сәби қырқынан шыққанша денесін тарқатып, ары-бері аунатып, қан айналымын жақсару үшін массаж жасаймыз. Массаж зат алмасу қызметін жақсартуға, тыныс алуды ретке келтіруге жақсы көмектеседі. Тоңып қалған кезде де массаж жасау арқылы жылынуға да болады. Массаждың арқасында сіңірдің созылу икемділігі артып, буын қозғалысы жақсарады және шаршаған бұлшықеттің тез қалыпқа келуіне ықпал етеді. Массаж түрлері көп, мен өзім жиі қолданатын түрлеріне тоқталып өтейін: классикалық массаж, релакс массаж, циллюлитке қарсы массаж, спорттық массаж, емдік массаж, нүктелі массаж.

Классикалық массаж – көптеген аурулардың алдын алудың және емдеудің заманауи әдістерінің бірі. Классикалық массаж ауырсынуды, ісінуді жеңілдетіп қана қоймай, дене мүшелері мен жүйке жүйелерінің жұмысын қалыпқа келтіреді және зақымданған тіндердің қалпына келуін тездетеді, бұлшықет тонусын қалпына келтіреді, тірек-қимыл жүйесінің жұмысын жақсартады, буын-тірек аппаратын күшейтеді.

Емдік массаж – бұл классикалық массажға ұқсайды. Ол да қан айналымын жақсартып, бұлшықет тонусын қалыпқа келтіреді. Айырмашылығы – бұл массаж түрі адамның ішкі ағзаларына, жүйке жүйесіне әсер етеді. Сол себепті бұл массаж түрін медициналық білімі мен тәжірибесі бар адам ғана жасауы керек.

Релакс массаж – шаршағанды басатын, күйзеліске (стресс) қарсы массаж түрі. Ол адамды тыныштандырып қана қоймай, қан айналымын жақсартады. Тибет философтары «Стресс – өлім» деп айтады. Шынымен де, адамның жан дүниесі мен денесінде үйлесіміділік болуы керек. Адам ағзасындағы әлдебір жүйе істен шықса – бүкіл дене зардап шегеді, сол себепті адам керек кезде дұрыстап тыныға білуі керек. Күнделікті шаршап-шалдығу, ішімдік, темекі сияқты зиянды заттарға тәуелді болу адамды күйзеліске алып келеді. Дұрыс демала білмейтіндер үшін таптырмас әдіс – релакс массажы.

Нүктелі массаж – бұл массаждың ең ежелгі түрінің бірі. Массаждың бұл түрі арқылы адамның ішкі ағзасы мен органдарына қатысы бар биологиялық белсенді нүктелерге әсер етуге болады. Массаждың бұл түрін суық тиіп қалған кезде, бастың сақинасы ұстаған кезде, тіс ауырғанда, ұйқы бұзылғанда, қан қысымы көтерілгенде және иммунитет көтеру, артық салмақ тастау үшін де қолдануға болады.

Циллюлитке қарсы массаж – бұл массаж түрі ағзаның ішіне әсер етеді, яғни адам бойындағы артық су мен май жасушаларында жиналып қалған «қоқыстың» шығуына ықпал етеді. Осының арқасында целлюлит азаяды немесе толығымен жоқ болып кетеді.

Спорттық массаж – бұл адамның бұлшықеттері мен буындарына арналған түрі. Массаждың бұл түрі белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын адамдарға арналған. Оның емдік массаждан айырмашылығы – массаж жасаған кезде ауырсыну белгілері болмайды.

КҮНДЕ ТАҢЕРТЕҢ 10 РЕТ ОТЫРЫП-ТҰРЫҢЫЗ

- Еңбек жолыңыз қай жерден басталды?

- Еңбек жолым Нұр-Сұлтан қаласында басталды. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Келлер ауылында шағын орталық ашып, ем-дом жасаудамын.

- Не себепті ауылда жұмыс істеуді жөн деп таптыңыз?

- Қазіргі уақытта медицина саласындағы жақсы мамандардың көбі қалада. Мен өзімді ауылға керегірекпін деп ойлаймын. Қала тұрғындары дәрігер алдына ауруының алдын алу мақсатында, профилактика үшін барады. Ал ауыл тұрғындарының көбі аурулары асқынып кеткенше шыдап жүре береді, сол себепті ауылда көп тәжірибе жинауға болады. Ауылда тұрсам да, арнайы шақыртумен Қазақстанның басқа өңірлеріне де барып, емдеп қайтатын кездерім болады. Жақында ғана Қарағандыға барып, массаж жасау арқылы емдеп келдім.

- Оқырманға айтар ақыл-кеңесіңіз бар ма?

- Қазіргі кезде массаж жасайтын адамдар көп, екінің бірі массаж жасаушы болып кетті деуге болады. Бірақ массаж жасайтын адамға барған кезде кейбір нәрселерді ескеруіңіз керек. Мысалы, массаж жасаушы техникалық тұрғыда және психологиялық тұрғыда мықты болуы керек. Массаж жасаушының жұмысы адамдармен тілдесуден де тұрады. Оның алдына неше түрлі адамдар келеді, сол себепті ол әр адамның тілін таба білуі маңызды. Ал жалпы күнделікті өміріңізге қажетті кеңес айтар болсам: күнде таңертең таза ауамен тыныстаңыз. Жаттығу кешенін жасауға уақытыңыз болмаса, тым болмағанда таңертең тұра салып он рет отырып-тұрсын. Бұл – қан айналым жүйесін жақсартады.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059
REDAKTOR
Алтынбек Кумарзак
Алтынбек Кумарзак
954-059

MURAǴAT