Мәскеуде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу-Екатеринбург-Қазан-Астрахань телекөпірі барысында Қазақстандағы мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасына кіретін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры активтері таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компанияның топ-менеджерлері қордың даму стратегиясы, жекешелендіру бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы әңгімелеп берді. «Самұрық-Қазына» АҚ трансформациялау, жекешелендіру және қайта құрылымдау жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Рахметов жекешелендіру бағдарламасына 876 актив кіргізілгенін атап өтті, оның ішінде 215 актив Қорға тиесілі.

«Бүгінгі күні іс жүзінде 141 актив бәсекелестік ортаға ауысты. Осы жылдың соңына дейін тағы 50 компания сатылады. Активтердің айтарлықтай бөлігі сатылып қойды. Ақтөбе, Атырау, Павлодардағы 3 әуежайға; Ақтау халықаралық теңіз сауда портына; «ҚазТеңізтрансФлот» компаниясына стратегиялық инвестор тартуды жоспарлап отырмыз. Алматыдағы ҚБТУ, жақында Қазақ көлік және байланыс академиясын саттық, Қазақстан инжиниринг «Самұрық-Қазына» құрылымына кіреді, онда үш зауыт бар», - деді Н.Рахметов.

Ол, сондай-ақ, Жекешелендіру бағдарламасының нарықтық жағдайларда капиталды тиімді түрде салуға тамаша мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.

«Бізде инвесторларға арнап жақсы жағдай жасалған. Әріптестер, Қазақстанға қаражат құйыңыздар, - деді Рахметов кездесу қатысушыларына. - Қазақстан - үлкен мүмкіндіктер елі. Сіздерде «Самұрық-Қазына» атты серіктес бар. Біз ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Үкімет инвесторларға арнап жақсы жағдай туғызып отыр. Олар импорттық кеден салығынан 5 жылға, корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға және мүлік салығынан 8 жылға босатылады».

Естеріңізге сала кетейік, ресейлік және халықаралық инвесторларды Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақыру және жекешелендірудің алдағы жоспарлары туралы нарықты ақпараттандыруды арттыру мақсатында жақында «Самұрық-Қазына» АҚ 2018 жылғы Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында алғаш рет Инвестор күнін өткізген болатын. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған панельдік сессияға 134 ресейлік және 74 шетелдік компания өкілі қатысты.

Соңғы жаңалықтар