Машинасын аулаға қоюға мәжбүр: Алматыда көлік тұрағы тапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов ауданда автотұрақ аймақтарының тапшы екенін айтып, рұқсат етілмеген автотұрақтармен қалай күресіп жатқанына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, бізде «Орбита», «Алмагүл», «Көктем» ықшамаудандарында көлік тұрағы тапшылығы сезіледі. Жүргізушілер көлігін үй ауласына қояды. Бұл дұрыс емес, аулалар – біздің тұрғындардың, балалардың бос уақытын өткізуге, ойнауға мүмкіндік беретін кеңістік. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде мұндай мәселе бар», – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ол рұқсат етілмеген автотұрақтармен күрестің қалай жүріп жатқанын айтты.

«Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жасыл аумақтарға, балалар ойын алаңдарына көліктерін қойғандар әкімшілік жауапқа тартылады. Сондай -ақ арнайы автотұрақтар ұйымдастырылған жерде де ақша үнемдеу үшін адамдар көліктерін аулаға қояды. Қазірдің өзінде тұрғындардың өздерінің мәдениетіне қатысты мәселе бар», - деді Алтай Рахымбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні тұрғын үй салу кезінде тұрақ қарастырылмаса, оған рұқсат берілмейді. Көпдеңгейлі автотұрақ салу мәселесі де қарастырылып жатыр.

«Біз көпдеңгейлі автотұрақтардың құрылысын қарастырып, инвесторларды тартып жатырмыз, бірақ бұл жобалар ұзаққа созылатынын айтқым келеді, сондықтан барлық инвесторлар өз қаражатын салуға дайын емес. Бірақ, соған қарамастан, біз бұл мәселені әрі қарай қарастырамыз, нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар