Марат Бәшімов: Ұлттық кеңес мүшелерінің Мәжіліске барғанын қолдаймын
«Бұл тізімнің маған ұнаған тұсы – жастардың Мәжіліске көптеп келуі. Бұрынғы құрамдарда зейнеткерлер, екі-үш шақырылымда депутат болғандар көп болатын. Мәжілісте отырғанымен нақты мәселе көтермейтін үндемес депутаттар да бар еді. Шынымды айтсам, сондайларға көңілім толмайтын. Енді қазір қарасаңыз, елге танылған біршама жастар бар екен. Тізімге азаматтардың біразының кіргенін позитивті жаңалық ретінде қарсы алдым. Әсірісе Ұлттық кеңес мүшелерінің Мәжіліске барғанын қолдаймын. Берік Әбдіғалиұлы, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров қатарлы азаматтардың Ұлттық кеңес құрамында да біршама еңбек еткені белгілі. 30 пайыздық квота жағы да ескеріліп, жастар мен әйелдердің Мәжіліс құрамында бұрыннан қарағанда көбірек болғанын да атап өту керек», - деді Марат Бәшімов ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде.
Еске сала кетсек бүгін «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітілген болатын . Депутаттыққа кандидаттардың 7-уі ғана бұрынғы мемлекеттік қызметкер, яғни Фракция құрамында олардың саны 10%-тен аспайды.