Марат Бәшімов: Өлім жазасы ­­­­- өмір бойы бас бостандығынан айырудан жеңіл жаза

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы - өлім жазасына қарағанда, әлдеқайда ауыр жаза, дейді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылар институтының директоры Марат Бәшімов.

«Қазір қоғам өлім жазасын қайта енгізу керек деген мәселені қызу талқылап жатыр. Яғни, қоғам үнін тыңдап көрсек, көбі өлім жазасының мораторийін алып тастау керек деген ойда. Бірақ, мен бұл позицияны қолдамаймын, халықаралық сарапшы ретінде бұл мәселеге әріден баға бергім келеді. Жалпы, Қазақстан неге өлім жазасына мораторий салды? Себебі, қазір АҚШ-тан басқа тоталитарлы елдер өлім жазасын ең ауыр жаза деп санайды. Бірақ, Қазақстан көбіне Еуропаны бағытқа алып отыр, яғни, біз Еуропаның демократиялық құндылықтарын енгізуге тырысып жүрміз», - дейді М.Башимов.

Сарапшының айтуынша, әлем елдері арасында өлім жазасын қолдайтын да елдер бар, бірақ, жыл санап бұндай позиция ұстанған елдердің қатары азайып келеді.

«Бұл мәселеге келгенде әлем елдері екіге бөлініп кетті деуге болады: БҰҰ-ға мүше 200 елдің жартысы өлім жазасын қолдаса, жартысы оған қарсы. Сондықтан, Қазақстанға тоқталсақ, біздің еліміз өлім жазасына мораторий сақталсын деген позицияны ұстанып отыр. Себебі, қазір біз өлім жазасына салынған мораторийді алып тастап, өлім жазасын қайта енгізсек, демократиялы Қазақстанды емес, өзі келіскен халықаралық талаптарды орындамай отырған Қазақстанды талқылай бастайды. Батыс адам құқығын қатты құрметтейді. Сайып келгенде, өмір бойы бостандығынан айырылу - өлім жазасынан қарағанда әлдеқайда ауыр жаза», - дейді заңгер.

 Айта кетейік, бүгін  Алматыдағы  ЛА 155/18 тергеу абақтысында Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Болатов Алматыда теракт ұйымдастырып, 10 адамның өмірін қиған Руслан Күлекбаевқа қатысты сот үкімін оқыды.

ҚР Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 255-бабы, 4-тармағы (лаңкестік акт), 99-бабы, 2-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру), 24-бабының 3-тармағы (өлтіру үшін шабуыл жасау), 192-б. 4-т. (топ адамға қарақшылық шабуыл), 287-б. 4-т. (заңсыз қару тасымалдау), 288-б. 2-т. (қаруды заңсыз жасау), 291-б. 4-т. (қару ұрлау), 200-б. 4-т. (көлік ұрлау), 126-б. 2-т. (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша, 58 бабының 4-бөлігін басшылыққа ала отырып, судья оны өлім жазасына кесті.

Ал, Қазақстанда өлім жазасын тоқтатқан мораторий 2003 жылдың желтоқсан айында енгізілді. Мораторий мерзімі шексіз болғанымен, ол қажет болған жағдайда тоқтатылады.

Президент Жарлығы өлім жазасы тағайындалған барлық үкімді тоқтатқан. Алайда, заң бойынша  соттарға қарауындағы іске байланысты жаза тағайындауына шектеу қоймайды.  Соңғы рет сот осыдан 10 жыл бұрын 2006 жылы өлім жазасы тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар