Марат Бәшімов: Кадрлық резервке енген жастар енді өздерін көрсетуі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттік жастар кадрлық резервіндегі іріктеуде бақылаушы болғандардың бірі - Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов. 30 жылдан бері ЖОО-ларда емтихан алып жүрген саясаттанушы жастар үшін бұл сын бұрынғыдан өзгерек болғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттік жастар кадрлық резерв деп өзінің аты да айтып тұрғандай, резерв арқылы жастар мемлекеттік басқаруға өз үлесін қосуы керек. Кадрлық резервке үміткерлерді қабылдауда менің өзім бақылаушы ретінде қатысқанмын. Жалпы, жоғары оқу орындарында жастардан 30 жылдан бері емтихан қабылдап жүрмін. Бұл жолғы іріктеуде жұмыстың бәрі тәртіпке бағынып, әрбір жас тапсырушы өз тегі бойынша әріптік ретпен алдымызға келді. Менен бөлек, әртүрлі салада, соның ішінде халықаралық қарым-қатынаста терең тәжірибесі бар мамандар бақылаушы ретінде жастарды іріктеуден өткізді», - дейді Марат Бәшімов.

Саясаттанушының айтуына қарағанда, бес бақылаушы әрбір үміткермен 7 минут көлемінде әңгіме өрбітіп, осыдан кейін әр бақылаушы пікірін электронды күнделікке жазып отырған. Электронды күнделік ары қарай базаға жолданған.

«Әр маманға өз саласындағы сұрақтар қойылды. Ешкімді жол ортадан құлату пиғылымен күрделі сұрақтар қою немесе сүріндіру сипатында әрекеттер болған жоқ. Әркімнің дайындығы, мемлекеттік қызметке деген ниет-пейілін әңгіме барысында аңғарғандай болдық. Бір ұнағаны – алдымызға келген жастардың бәрінің жоғары білімі мен өз саласындағы білім-білігі жеткілікті екен. Екіншіден, 13 мың үміткердің ішінен 300 адамның ғана өткені – шынында да лайықтылардың іріктелгенін білдіреді. Жас буынның бойынан ешкімнен қорықпайтын мінезді байқадым. Өз салаңызда мемлекетке қандай үлес қоспақсыз деген сұраққа мүдірмей жауап беріп отырды көбі. Шынында да, қазіргі буынның жалпы көзқарас көкжиегінің кеңейіп, өмірлік мақсаты мен талабы өсіп келе жатқанын байқауға болады», - дейді ол.

Марат Бәшімов жастарды іріктеу өте қиынға түскенін айтады.

«Білгенімдей, осыған дейін іріктелген жастардың біршама бөлігі жұмысқа орналасып та үлгерген екен. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы облыс әкімдері мен министрлерге кадрлық резервке енген жастарға көңіл бөлу керектігін айтқан еді. Яғни, жастарға қолдау керек. Енді іріктелген жастар жұмыстарын көрсетуі тиіс», - деді Марат Бәшімов.

Еске сала кетсек, осы жылдың 15 қаңтарында Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадр резервіне енген жастармен кездескен болатын. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына үндеу жолдады.


Соңғы жаңалықтар