Марат Әзілханов шетелдегі қандастарды «El.kz» порталының жобасын пайдалануға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов шетелдегі қандастарды «El.kz» ақпараттық-танымдық порталының жобасын пайдалануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» бірлесе отырып шетелдегі қазақ диаспораларымен онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Оның аясында «El.kz» ақпараттық-танымдық порталының «Қандастар» жобасы таныстырылды.

«Бүгінгі маңызды кездесуде «El.kz» ақпараттық-танымдық порталы жаңа қырынан танылып отыр. Бұл портал туралы толық мәлімет берілген. Біздің мақсатымыз – осындай ортақ алаңдарды құру. Бір-бірімізді тереңірек танып, ақпарат алмасып отыратын алаңдар маңызды. Барлық елдердегі қандастар осы портал арқылы қосылып, өздері туралы, күнделікті өмірі жайында, жалпы жаңалықтарды El.kz арқылы жариялап отырса деген ұсыныс бар», - деді Марат Әзілханов.

Осы орайда вице-министр Қазақстан халқы шетелдегі қандастардың өмірі туралы жақсырақ танысуға қызығушылық танытатынын жеткізді.

«Мәдениет, бизнес және басқа да салалар бойынша қызықты мәліметтер жарияланса, қолдаймыз. «El.kz» ақпараттық-танымдық порталының арнайы «Қандастар» бөлімі баршамызға игілікті ортақ алаң бола алады. Сондықтан осы порталдың мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырамын. Мақалалар, сараптамалық зерттеулер болса, оны жариялау керек», - вице-министр.

Өз кезегінде «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Умаров «ҚазАқпарат» агенттігі біраз жылдан бері шетелдегі қандастарға ақпарат таратуға ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.

«Төте жазумен ғаламтордағы алғашқы жаңалықтар бізде шыққан. Сонымен қатар ҚазАқпараттың латын нұсқасы да жарияланып келеді. Былтыр ғана «Отандастар қорымен» бірлесе шетелдегі барлық қазақтілді БАҚ-тың өкілдерінің басын қостық. Бүгінгі шара аясында «El.kz» ақпараттық-танымдық порталы жобасының таныстырылымын өткіздік. Бұл портал бұрыннан бар. Осы жобаны Қазақстанға жасалған онлайн-саяхат деуге болады», - деді Асқар Умаров.


Соңғы жаңалықтар