Маңызды бағдар, мәйекті құндылық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлт Жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты «Егемен Қазақстанда» (06.01.2016.) жариялаған мақаласында «Ұлы Дала елі» халқының қазіргі жағдайына, дағдарыстың алдын алу қажеттігіне арналған ойларын оқырмандармен бөлісті. Өткен ғасырларда талай қиындықтар­ды басынан өткізген халқымыз үшін қазіргі тарихи кезеңнің кей­бір ауыртпалықтарын еңсеру үшін, бұралаңдарынан дұрыс жол табу үшін нақты жүйелі мемлекеттік тұрғыда әлеуметтік қадамдар керек екені баяндалды. «Түбінде табысты, серпінді дамушы қазақстандық қоғамды қалыптастыру» ұғымы көпшіліктің қоғамдық санасында маңызды бағдар, базалық құндылық ретінде орнығуы тиіс екені көрсетілді,, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті..

Ел Президенті дүние жүзінің және біздің қоғамның өзекті мәсе­лелерін жаңаша және тереңі­рек түсінуге шақырды, қалыптасқан мемле­кеттің әлеуметтік-эконо­ми­калық кеңістігін жаңғырту кезеңінде жалпыұлттық құнды­лықтардың орнығуына күш салушы мемлекеттік қызметкерлер және кәсіпкерлер мен ұлттық интеллигенцияның ерекше рөл­дерін көрсетіп берді. Әсіресе, қоғамда болашаққа деген сенім­нің, қазақстандық арман­ның маңызды екені баса айтылды. Ол үшін тиімді барлық салаларда реформалар арқылы даму жолына түсуіміз керек. «100 нақты қадам» - Ұлт Жоспары бағдарламасының нағыз дағ­дарысқа қарсы маңызды құ­жат екеніне сенімдіміз. Осы бағ­дар­ламаны жүйелі де табанды жүзеге асырудың 5 қырының маңыз­дылығы зор екені де белгілі.

Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына Қазақстанның биылғы жылы енуі барлығымызға жаңа жауапкершіліктер жүктейтіні орынды атап көрсетілді. Жалпы, Ұлттық қордағы ақшаны да ба­­рынша ысырапсыз жұмсау қа­жетт­ігі белгілі. Дегенмен, 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан жалақы және жәрдемақы біршама көтері­летіні тұжырымдалды. Әрбір азаматтың экономика сала­сын­дағы және жалпы қоғамдағы жауапкершілігіне қарай түбегейлі бетбұрыс жасалуда. Демек, қазіргі таңдағы демократия мен жауапкершіліктің өзара байланысы тереңдетілуде. Дамыған әрі қуатты ел болу жолында іскер, әмбебап және белсенді азаматтардың қоғам үшін ашық жұмыс істейтін уақыты жеткені орынды тұжырымдалды. Әсіресе, шетелдерде өзінің қаржыларын әртүрлі банктерде ұстап отырған ел азаматтарының экономикаға инвестор болатын кезі келді. Бұл да меншікті жария етудің заңды жолы болып табылады.

Заманауи қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңару кезеңінде, халық­тың тарихи құндылықтық басымдылықтарын пайымдауда шығармашыл интеллигенция жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыруда сөзсіз жетекші күш болуға тиіс. Қазақстандық қоғамда дәстүрлі және жаңа про­­грессивті мұраттар мен гума­нис­тік құндылықтарды ор­н­ық­­тырудың қажеттілігі зор. Гуманизм ұстаным ретінде жаңа қазақстандық патриотизмнің арқасүйер арқауы, идеологиялық тұғыры болып табылады. Гума­низм қалыптары барлық салада басымдық танытпай қазіргі дағдарысты жағдайда әлеуметтік-мәдени салада біршама іркіліске ұшырауымыз да мүмкін. Сондық­тан, тәрбие салаларының, БАҚ өкілдерінің белсенді қызметі қажет-ақ.

Қазіргі қазақстандық көп этнос өкілдерінен құралған әлеу­меттік ақиқат жағдайында әлем­нің бірегей ұлттық бейнесін оның құндылықтық өмірмәнділік бағдарларымен жаңғырта отырып, қазақ халқының бай рухани әлеуетін игерудің маңызды рөлі артуда демекшіміз. Ақыл-ой мен жылы жүректің бірлігі, шындық, мейірімділік пен әділеттіліктің рухани-адами басымдылықтары, төзімділік пен ізгі ниеттіліктің ерекше түрлері ретіндегі Ұлы Даланың барлық тағылымдық сабақтары қазіргі қайшылыққа толы заманда қоғамымызды өркендетуге қажет-ақ.

Жалпы қазақтың ежелгі дала­сын­дағы түркітілді мәде­ниет­тің терең астарлы тарихына үңілетін болсақ, онда әлемдік мәдениетке өзіндік үлесін қосатын талай мәдени мұра қорына тап боламыз. Оның өзара түсіністікті құптайтын рухани табиғаты бар екенін қазіргі заманның көзіқарақты гуманитарлық сала мамандары байқап отыр. Тек осы рухани байлықты төкпей-шашпай, келесі ұрпаққа барлық қадірін түсірмей жеткізе білу қазіргі заманның зерделі қоғамының тарихи міндеті екенін атап өте аламыз. Бұл рухани мұра жалпы түрік әлемінің ортақ құндылығы, оларды біріктіре түсетін тарихи қайнар көздері екені де анық.

Қазақстан Республикасының Президенті өзінің халыққа кезекті Жолдауын­да («Қазақ­стан-2050» Стратегия­сында) «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, мате­риалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз» деп атап көрсеткен еді. Қазіргі тарихи кезеңде еліміздің саяси және мәдени біртұтастығына және оның пәрменді дамуын қамтамасыз ететін болашағына қызмет ететін рухани негіздерді анықтаудың маңыздылығы мен өзектілігі арта түсуде. Өз елінің, өз жерінің тарихи кезеңдерін байыптылықпен зерделеуден өткізудің өзі тек есейген тарихи қауымдастыққа тән құбылыс. Демек, Қазақстан халқы өзінің даму эволюциясында бір сындарлы кезеңге жеткенін байқаймыз.

Тарих қоғамды біріктіретін, біртұтастандыратын сипатта өр­бігені абзал. Ол үшін ұлттық рух­тың орнықтылығы, нұр шашатындай құдіреті болуы керек. Әсіресе, осы орайда ұлттық тарихымызды еліміздің қазіргі кезеңі мен болашағына жасампаз, үйлесімді сипатта қызмет ететін нұсқада зерделенуін қалыптастыру өзекті бола түсуде. Өйткені, тарихты әрқилы формада, ғылыми тұрғыда үстірт кейіпте жазу және онымен тек кәсіби тарихшылар ғана емес, оған қатысты жанама салалар мамандарының араласуы сияқты мәселелер қоғамымызда тәуелсіздіктің бастапқы жылдары біршама теориялық және деректемелік қиындықтар туғыза бастағанын айта кету керек. Оның да бір негіздері болды. Та­рих­тың ақтаңдақтарын жоюға ат­салысқан азаматтардың шына­йы қадамдарына бірыңғай теріс бағалаулар берген жөн емес шығар. Сондықтан, бұл бағыттағы іс-шараларды белгілі бір ғылыми жүйеге келтіретін уақыт келді. Халқымызға, әсіресе, жастарға хал­қымыздың шыншыл негіздегі тарихынан оқулықтар қажет.

Жоғарыда аталған дәйектеме­лерге сәйкес көптеген отандық тарихшылар, социологтар, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, философтар және басқа да саланың мамандары белсенді әрекеттер жасауда. Әртүрлі саланың мамандары бір діттеген мақсатқа сабырмен, кәсіби біліктілікпен және ғылыми байыптылықпен жетуі тиіс. Саяси идеология мен ғылыми нақтылықтың түйісетін жеріндегі шынайылық пен шыншылдықтың маңызы арта түсуде. Тарихты жазу мен ғылыми зерделеу жекелеген азаматтардың мүддесі үшін емес, жалпы қоғамның игілігіне айналуы шарт. Сонда ғана қоғам болып көтерген қомақты жүктің ауырлығы болмайды, халық тарихы өзінің шынайы келбетін таныта алады және өзінің қоғамды біріктіруші әлеуетін практикалық тұрғыда шын мәнінде жүзеге асырады.

Жалпы, тарихты баяндаудың жаңа теориясы мен ғылыми методологиясы анықталып, бұрынғы стильдегі ғылыми түсініктер қай­та қаралуда. Егер кеңестік дәуір­де гуманитарлық теорияда та­рих­ты формациялық кезеңдерге бөлу басымдық танытса, кейінгі зерттеулерде өркениеттік эволюцияны алға шығару кеңірек орын алды. Ал енді қазіргі кезеңде бұл екі бағыттың да өз ерекшеліктерін ескерген, синтезделген жаңа ұстаным-әдіснама беки түсуде. Бұл тарихи теорияның негізі - әрбір ұлттық мәдениеттің тарихын барынша нақты ғылыми тұрғыда әлемдік тарихтың аясында көрсете білу, тарихтағы тұл­ғалық кемелденудің барлық тетік­терін айқындау болып табылады. Сондықтан, адам руханиятының маңыздылығы алғаш рет нағыз өзінің биігіне көтерілмекші.

Тарих жалпы халық үшін ортақ дүние. Сондықтан, оның биік ғылыми деңгейде жазылуы­на, насихатталуына еліміздің әр­бір саналы азаматы өз үлесін қосуға тиіс деген ойдамыз. Сонда ғана мамандарымыз нағыз ұзақ мерзімге қолдануға жарайтын, жастарымызды жаңа түсініктерге баулитын рухани дүниені ғылыми кеңістікке ұсына алады.

Жалпы, әлеуметтік және руха­ни мүдделердің қисыны мен құры­лымы кез келген этнос үшін тарихи үдерістің пәрменді ағымынан туындайтын заңды дүниелер болып келеді. Сондықтан, белгілі бір әлеуметтік, саяси және мәдени кеңістікте қалыптасқан және өрбіген ұлттық рухани қазынаның қордалануы кездейсоқ құбылыс емес деген жөн.

Адамзаттың өркениеттік кеңіс­тігінде өмір сүріп жатқан әлем­дегі барлық халықтар, әртүр­лі қауымдастықтар өз рухани мәдениеті мен әлеуметтік бол­мы­сының үнемі өркендеп, дамып, кемелденіп, өскенін қалай­ды. Осы талпыныстардың, мүд­де­ліліктің арқасында әрқилы өркениеттер қалыптасып, олар жүйелі, ұйымдасқан әлеуметтік құрылымдар түрінде тарихи үдерісте көрініс беріп отырды. Олардың сан алуан кейіпте, әрқилы сипатта танылуы заңды құбылыс. Дегенмен, өзінің тарихи қалыптасқан рухани құнды­лықтары мен руханият әлемін қадір­лемеген қауымдастық басқа халықтар алдында сыйлы болу­ға лайықты емес және олар өрке­ниеттік тұрғыдан алғанда пәр­менді даму жолына түсе алмайды.

Сөйтіп, тарихи сана мен оң мағынадағы рухани үрдістер қоғамдық санадағы адами және әлеуметтік прогресті, өзіндік эволюциялық даму мен алға жылжуды қамтамасыз етуші рухани күш. Ол халықтың бұқаралық санасында белгілі бір орын алып қана қоймай, сонымен қатар, мемлекеттік деңгейде руханилық, рухани даму белгілі бір саяси тұғырнама мен әлеуметтік бағ­дар­ланған тұжырымды үлгінің ірге­тасына айналғанда қоғамның зият­керлік сипатта сапалы дең­гейге көтерілгені байқалады. Осын­дай деңгейдегі шынайы руха­ни­лықтың жүйеленуі, әлеу­меттік кеңістікте өзектенуі қазіргі заман­дағы мемлекеттік идео­логия­ның гуманистік мағы­на­да өрбуі­не, оның жасампаз әлеуетін айқын­дауға барынша негіз болар еді.

Жалпы, тарих сахнасындағы, құндылықтар әлеміндегі өзара мәдени әрекеттесуге, сұхбатқа, ықпалдасуға түспеген тарихи тәжірибені, өзіндік әлеуметтік деректі таза күйінде кездестіре қою тарихта сирек кездеседі. Ал, керісінше, әдеттегі тарихи тәжі­ри­беде руханилықтың жеткі­лікті даму деңгейі болмаған­дық­тан болған үлкен зұлматты, күйзе­лісті, зардапты жағдайларға көпте­ген мысалдарды келтіруге болады.

Халықтың рухани құнды­лық­тарының бәсекеге қабілеттілігі немен өлшенеді, руханиятқа негіз болатын тарихи іргетастарды қайдан іздейміз? деген сауалдар да туындайды. Әрбір мәдениет үнемі өзіне рухани іргетас болатын құрылымдарды, жәдігерлерді іздейді, соны орнықтыруға тырысады. Әлемдегі басқа ұлттар мен ұлыстар сияқты, қазақ хал­қының көпғасырлық тарихында даналықтың озық үлгісі боларлық әлемді танып-білудің, зерделеудің өзіндік сипаттамалары, түркілік ерекшеліктерді танытатын философиялық ойлар мен тұжырымдар жеткілікті болғаны белгілі.

Мәселе сол рухани інжу-мар­жан­ның қадірін біліп, қай­мағын бұзбай қазіргі жаһан­дану заманында жүйелі түрде жинақтап алуда және оны әрбір жаңадан келетін жас ұрпаққа рухани сабақтастықпен жүйелі түрде бере білуде болып отыр. Осы жауапты істі абыроймен жүзеге асырған жағдайда ғана еліміздің Еуразиялық кеңістіктегі өзіндік ерекшелігі бар халық ретіндегі мәртебесі өседі, басқа халық­тар алдындағы құрметімізді асқақтата түседі. Өйткені, өзінің тарихта қордалаған маңыз­ды рухани құндылықтарын құр­меттеген, аялаған, өрбіткен ел ғана және оған жаңа заманда өзіндік жаң­ғырту бедерлерін, келбетін бере білген халық қана адамзаттың өр­ке­ниеттік майданында шынайы және лайықты бағаға ие болады.

Серік НҰРМҰРАТОВ, Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар