Маңғыстауда түйелер белгісіз кесел жұқтырды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда белгісіз індет жұқтырған түйелерден алынған сынамалар 3 тәуелсіз ветеринариялық ғылыми-зерттеу институтына жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов мәлім етті.

2019 жылдың күз айларынан бері облыста әзірге белгісіз індетпен 1139 түйе ауырған, 1112 түйені емдеген. Түйенің белгісіз індеті Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданынан басқа жерлерде белең алған.

Айта кетейік, ірі қараның өлгені тіркелген жоқ.

«Жұқпалы аурудан түйенің ауыз қуысы, еріндері мен мұрны қабынып, шөп жеуі, су ішуі қиындаға. Антибиотиктермен уақтылы емделген түйелер 1 аптаның ішінде толықтай сауығып кетеді» - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қуанышкерей Мырзатов.

Жұқпалы індетттің диагнозы ветеринариялық диагностикалық зертхананың қорытындысы негізінде ғана белгілі болады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасы диагностикалық орталыққа барлығы 70 түйеден сынамалар алынып, тексеруден өткізілген. Облысқа 3 рет орталықтың эксперт мамандары шақыртылып, мониторинг жүргізілген.

Диагностикалық мекемелердің қорытындыларына сәйкес, зерттелген түйелерде аса қауіпті аурулар анықталмаған.

Желтоқсан айының басында 12 түйеден алынған материалдар еліміздің 3 түрлі тәуелсіз ветеринариялық ғылыми-зерттеу институттарына жолданған. Вирусологиялық зерттеулер қорытындысы әзірге шыққан жоқ.

Егер аса қауіпті кесел анықталатын болса, ҚР ветеринария саласындағы заңнамаларына сәйкес, оны жою жұмыстары жүргізілетін болады.



Соңғы жаңалықтар