Маңғыстауда туған күнін дүркіретіп тойлаған басқарма басшысы жазаланды
«Ведомство үй ауласында жаппай іс-шара өткізу фактісін анықтады. Лауазымды тұлға түсініктеме беру үшін департаментке шақырылды. Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды» делінген баспасөз хабарламасында.
ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-бөлігінің санкциясына сәйкес талапты бұзған лауазымды тұлғаларға 230 АЕК немесе 638 940 теңге көлемінде айыппұл салынуы тиіс.
Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыс әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері департаментіне тиісті хат жолдады.
Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекованың туған күнінен видео тарады.
Әзірге шенеунік бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.
Автор: Әсел Тұмашқызы