Маңғыстауда спорт шебері Тұмаш Ауданбаев атындағы дзюдодан ашық турнир өтті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат- Бейнеу аудандық балалар – жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты дене шынықтыру – сауықтыру спорт кешенінде, еркін күрестен КСРО шебері Ауданбаев Тұмаш Әбиболлаұлын еске алу мақсатында дзюдо күресінен аудандық ашық турнир басталды. Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімдігі хабарлайды.

Жарысқа 2005-2006-2007 жылы туған балалар қатысуда. Спорттық бәсекеге Бейнеу ауданының әр түкпірінен келген ауыл командалары қатысты. Турнир карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.

«Бейнеу ауданының ауыл шаруашылық саласының ардагері, спорттық ойындардың еркін күрес бойынша жеңімпазы, «КСРО спорт шебері» атағына ие болып, спорт саласына да өзіндік із тастаған белгілі тұлға, қадірлі азамат Ауданбай Тұмаш Әбибұллаұлының құрметіне дзюдо күресінен аудандық ашық турнирді ұйымдастырып отырмыз! Тұмаш Әбиболлаұлының көп қырлы жасампаз еңбегі, отанымыздың баға жетпес құндылықтарын дамытуға қосқан зор үлесі шынайы құрметке ие бола білді.

Бүгінгі өткізгелі отырған спорттық шара осы айтулы, ел аузында жақсы атағы қалған Ауданбай Тұмаш Әбиболлаұлына деген бір құрмет, ұрпақ сабақтастығы деп білейік құрметті жерлестер!

Турнир келешекте біздің спортшыларымыздың жаңа белестерді бағындырып, салауатты өмір салтын сақтап, жастардың дзюдо күресіне қызығушылығын оятады деген сенімдеміз»,- деді Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов.

Ауданбаев Тұмаш Әбибуллаұлы 1943 жылы 10 қаңтарда дүниеге келді. 1961 жылы Ашхабадтағы Түркмен ауылшаруашылық институтының зоотехникалық факультетіне түсті. Студент кезінен жан-жақты, тілтабысқыш, ортасына сыйлы Тұмаш Әбибұллалы спортты оқумен қатар алып жүрді. Осылайша, институт қабырғасында еркін күреспен айналысты. 1962 жылдың күзінде алғаш рет еркін күрестен Ашхабад қаласының біріншілігіне қатысып, 57 кг салмақта қала чемпионы атанып, сол жылы республика чемпионы дәрежесіне жетті.

1963 жылдың күзінде 57 кг салмақта Ашхабад қаласының еркін күрестен екінші мәрте чемпионы атанады. Сол жылы еркін күрестен 1 спорттық разряд нормасын орындайды.

1964 жылы Тұмаш Ауданбаев еркін күрестен Түркмен Республикасының құрама командасының мүшелігіне қабылданады.

1965 жылы маусым айында Түркменстан Кәсіподақтарының VIII спартакиадасында еркін күрестен 57 кг салмақта бірінші орын алып, КСРО- ның спорт шебері атағын ие болады.

Ауданбаев Тұмаш Әбибұллаұлы өмірінің соңына дейін спорттағы жарқын болашағын елге қызмет ету жолына құрбан еткеніне ешқашан өкінген емес. Кәсіби спорттан бас тартқанымен соңғы демі қалғанша спорт оның өмірінде айнымас серігі болып қалды.


Соңғы жаңалықтар