Маңғыстауда соңғы 30 жылда алғаш рет төртем дүниеге келді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудағы Ана мен бала орталығының ұжымы төртем мен оның анасын салтанатты түрде үйіне шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Ақтау қаласының тұрғыны Самира Гасанова 2020 жылдың 15 желтоқсан күні босанған болатын. Жүктілік кезеңі ауыр болғандықтан дәрігерлер әйелді жүктіліктің 30-шы аптасында операция жасап, босандырып алған.

1 ұл мен 3 қыз дүниеге келді. 25 жастағы келіншек осылайша бірден көпбалалы ана атанды. Сәбилер - отбасының тұңғышы.

«Қуанышымды жасыра алмай тұрмын. Ата-анамыздың төбесі көкке жеткендей болды. Балаларымның аман-есен жарық дүниеге келуіне себепші болған дәрігерлерге отбасымның атынан алғысымды айтамын», - дейді Самира Гасанова.

Төртемдердің бірі - 1 келі 390 гр болса, ең кішісінің салмағы - 1 келі 190 гр.

Шақалақтар күш жинағанша 36 күн бойы перинаталдық орталық дәрігерлерінің жіті бақылауында болды.

Анасының да, балаларының да денсаулығы жақсы дейді дәрігерлер. Ата-анасы нәрестелерді Расул, Фанара, Айла және Нарин деп атады.

«Былтыр біздің орталықта 8610 бала жарық дүние есігін ашты. Оның ішінде 2 үшем мен 147 егіз бала дүниеге келген», - деді Маңғыстау облыстық Ана перинаталдық орталығының дәрігер неанотологы Тойдық Жұмағамбетова.

Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша соңғы 3 жыл бойы көш басында келеді. Былтыр аймақта 21753 сәби дүниеге келген.


Соңғы жаңалықтар