Маңғыстауда пандемия кезінде тоқтап қалған 17 мыңға жуық кәсіпкер салық төлеуден босатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық кәсіпкерлер 2-тоқсанда 17,6% өсім көрсетіп, 692,6 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бүгінде шағын және орта бизнестің 756 жобасы мемлекеттік қолдау механизмін пайдаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов журналистерге арналған онлайн брифингіде айтты. Оның айтуынша, Президенттің қойған міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу.

«Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 312 жобаға 51,8 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. 1 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, 3 070 жұмыс орны сақталды. Былтырмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 1,7 есеге артты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,6 млрд теңгеге 317 шағын несие беріліп, 399 жұмыс орны құрылды. Қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие алуға құны 71,5 млрд. теңгенің 101 жобасы мақұлданды», - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.

Әлемдік індеттің өршуіне байланысты кәсібі тұралап қалған өңірдің 17 мыңға жуық шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылып, жеңілдік берілген. Сондай-ақ, 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд теңгеге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Бұдан бөлек, бар-жоғы 1 пайызбен несие беретін өңірлік «Нұр капитал» жобасы бірнеше жылдан бері жемісін беріп келеді. Биыл 548,7 млн теңгені құрайтын 26 жоба қаржыландырылып, 128 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарлама басталғаннан бері 2,9 млрд теңгеге 149 жоба мақұлданып, 1 126 жаңа жұмыс орны ашылды.


Соңғы жаңалықтар