Маңғыстауда Мұрат Өскінбаевқа арналған жыр кеші өтті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақын Мұрат Өскінбаевтың туғанына 115 жыл толуына орай «Күйге кенен жыр-сандық» атты кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарада Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен түрлі шығармалар орындалды.

Мұрат Өскінбаев - Сыпырадан қалған жыршы, күйші, Адайдың жеті қайқысының ізбасары, Маңғыстаудың марғасқа мақтанышы. Ел арасында осылай танылған өнерпаз 300-ге жуық күйдің авторы. Кеште алдымен осы шығармалар жинақталған музыка зерттеушісі Айтберген Жаңбыршының «Күй қонып, кие дарыған әулет» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев қазақ күй өнерінің майталманы Мұрат Өскінбаевты түркілік музыканың білгір орындаушысы ретінде феноменге теңеді.

«Өзі шебер шертетін аңыз күйлеріндей тағдыры талайлы тұлға. Осынау тар жол, тайғақ кешуде басын аман сақтап, дем берген алапат күш - халықтың аманаты. Сол аманатқа қылау түсірмей, кейінгі ұрпаққа жеткізді. Өнерпаз өз қолтаңбасын қалдырды»,-дейді Қаныбек Жұмашев.

Кеште өлкеге танымал өнерпаздар Сержан Шәкірат, Оспан Құлсымақ, Темірбек Асқанбаев, Роза Айдарбаевалар әннен шашу шашып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, әке жолын жалғастырушы Мұрат Өскінбаевтың ұлы Әзірбай Өскінбаев туындыларын орындап берді.

«Бүгінгі кеш өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Мұның ерекшелігі, әкеміздің күй өнерімен дәріптеліп келсе, кеште Өскінбайдан бастап, жыры, термелері, әндері, бір сөзбен бүкіл шығармаларының бәрі орындалып жатыр. Өте ризамыз. Рухани жаңғыруға келетін болсақ, біздің рухымыз - күйде, домбырада жатыр»,-дейді Әзірбай Өскінбаев.

Кеш соңында 2 жылда бір рет ұйымдастырылатын Мұрат Өскінбаев атындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары өнер көрсетті.

Соңғы жаңалықтар