Маңғыстауда коронавирус жұқтырған 25 науқастың жағдайы ауыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау өңірінде коронавирустың алдын алу бойынша қолға алынған шаралар күшейтілгенімен, қазіргі ахуал тұрақсыз болып отыр. Соған қарамастан стационарлар мен дәрігерлік бригадаларды ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева айтып берді.

Ғалымдардың математикалық моделі бойынша үстіміздегі жылдың тамыз айының соңына дейін, Covid-19 індетімен науқастанғандар саны 10 есе өсуі мүмкін. Бұл жағдайда көз жұматындар саны да аз болмайын деп тұр.

Сол себепті сақтық шараларына әлі де үлкен жауапкершілікпен қарап, карантин режимін сақтау қажет. Әсіресе халық көп шоғырланатын орындарға бармау, бетперде тағып, қолғап киіп жүру, қолды үнемі жуу сияқты ережелерді естен шығармаған жөн. Ал иммунитеті мықты адамдардың ағзасы коронавирустық инфекцияны өз бетінше жеңе алады. Ол үшін дұрыс тамақтану керек.

Бұған дейін әзірленген іс-қимыл жоспарына сәйкес, аурудың күрт өсуі жағдайында науқастарды жатқызатын инфекциялық және провизорлық стационарларды дайындау жан-жақты пысықталған болатын. Бұл ретте облыстық туберкулезге қарсы диспансер мен психикалық денсаулық орталығының ғимараты бірінші кезекте тұрды. Жоспар бойынша келесі - Маңғыстау облыстық ауруханасының «В» блогы. Одан әрі өскен жағдайда - облыстық аурухананы провизорға толық көшіру мәселесі туындауы ғажап емес. Үкіметтің тапсырмасы бойынша адам өмірін құтқару үшін барлық резервтер мен ресурстарды пайдалану қажет. Өкінішке қарай, 2 адам көз жұмды. Бұл - тек стационарлардағы жағдай ғана.

Қазіргі уақытта Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Бейнеу ауданында төсек орындарының жетіспеуі байқалуда. Сол себепті қосымша провизорлық стационарды ашу арқылы жоспардың келесі қадамына өту туралы шешім қабылданды. Маңғыстау облыстық ауруханасының базасында «В» блогында коронавирусқа күдікті адамдар үшін қосымша төсектер дайындалды. «В» блогы аурухананың бүкіл ғимаратының үштен бір бөлігін құрайды, ғимараттың негізгі бөлігінен толығымен қоршалған. Бұл жерге тек коронавирусқа күдігі бар адамдар ғана жатқызылады.

Аурудың күрт өсуіне байланысты облыстың барлық стационарларына жоспарлы түсулер шектелген болатын. Осылайша, келіп түскен науқастар санының азайғандығы байқалып отыр. Ауруханалар тек шұғыл қызметте жұмыс істейді. Емін үйде жалғастыра алатын пациенттердің басым бөлігі амбулаторлық емдеуге шығарылды. Кей бөлімшелерді біріктіруге, ал кей бөліктерін ішінара жабуға тура келді. Дәрігерлер жетіспейтіні тағы бар. Ақтөбе облысынан 20 дәрігер мен медбикелер келеді деп күтілуде.

Өңірде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын 4 зертхана жұмыс істейді.

Айта кету керек, Covid-19 барлық жағдайда нақты анықтала бермейді. Бұл сұраққа нақты жауап беру өте қиын. Көп адамдар пневмония барын алға тартып медициналық көмекке жүгініп жатады, кейде коронавирустың клиникалық симптомдары бойынша сәйкес келіп жатады, алайда вирус әрдайым адамның бойынан табыла бермейді. Мұндай жағдайлар өте көп кездеседі.

Өңірдегі инфекциялық стационарларда коронавирустан емделіп шыққандар саны - 344 адам, ал ауырғандар саны - 449 болатын. Провизорлық стационарларда қазір 400-ден астам науқас емделуде, оның 25-нің жағдайы ауыр және олар тыныс алу аппаратына қосылған.

Барлық емханаларда «Call-center» жұмыс істейді, сол себепті жедел жәрдем қызметінің жұмысы ауырлай түскендігін ескеріп, аурудың алғашқы белгілері пайда болса бірден «103» қызметіне хабарламай, учаскелік дәрігермен байланысқан жөн.

Ал, қажет болған жағдайда жедел жәрдем науқасты стационарға немесе аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жеткізеді.


Соңғы жаңалықтар