Маңғыстауда көпбалалы отбасы АӘК-тен бас тартып, бизнес бастағалы жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында көпбалалы отбасы жолаушылар тасымалын ұйымдастырумен айналысатын бизнесті іске қосады. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданынан көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін кедейлік шегінен төмен тұратын отбасылар санатынан шығып, жолаушылар тасымалын ұйымдастыратын кәсіпті бастамақ.

Берікбай Кенжеев бұрын жалдамалы автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген, ал жұбайы Рабиға Дүйсенова күйеуіне кондуктор ретінде көмектескен. АӘК-ке өтініш бергенге дейін олардың 7 адамнан тұратын отбасының жеке баспанасы болған жоқ, олардың үйді уақытша жалға алу мүмкіндігі ғана болды. Сәуір айынан бастап отбасы АӘК ала бастады, тұрғын үй жағдайы жақсарды, үйінің құрылысын аяқтады.

Ерлі-зайыптылар «мемлекет тарапынан қолдау болғаны дұрыс, бірақ үнемі әлеуметтік көмек алғаннан гөрі жеке бизнесіңмен айналысқан жөн» деп есептейді. Жеке кәсібін ашу мақсатында Берікбай мен Рабиға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кредит алуға өтініш берді. Ерлі-зайыптылар аудан ішінде жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың бизнес-жоспарын дайындады, жақын арада жеке автобус сатып алуға несие алады.

Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша Берікбай мен Рабиғаның отбасына ай сайын 140 923 теңге, жалпы сомасы 1 млн 667 мың 589 теңге көлемінде АӘК төленіп келген. Қазан айында ерлі-зайыптылар материалдық жағдайының жақсаруына байланысты атаулы әлеуметтік көмектен бас тарту туралы өз еркімен қолхат жазып, оларға АӘК төлеу тоқтатылды.

Бұл - өңірдегі осындай бір ғана жағдай емес. Осыған ұқсас оқиға Жаңаөзен қаласында да орын алған, онда 4 баланың анасы Несібелі Назарова 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алғаннан кейін үйінде тігін шеберханасын ашты.

«Бүгінгі күні 1041 адам тұрақты жұмыс орындарына, 71 адам біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына, 511 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 75 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 12 адам жастар практикасына жіберілді», – дейді өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев.

Маңғыстау облысында жыл басынан бері 9,9 мың отбасына немесе 54,8 мың адамға АӘК тағайындалды. Орташа есеппен отбасына 100 мың теңгеден шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 312 мың теңге. Биыл өңірде АӘК-ке 4,4 млрд теңге көзделген, оның 4,2 млрд теңгесі төленді.

Айта кетейік,7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

«Ең басты принцип – мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналастыруға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беру кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

АӘК табысы аз отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленеді. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оларға мектепке дейін жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар