Маңғыстауда Кендірлі ауылы құрылады

None
None
АҚТАУ. Қазақпарат – Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында халық санының өсуіне байланысты Рахат ауылы екіге бөлініп, жаңадан Кендірлі ауылы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық коғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев мәліметінше, Рахат ауылын екіге бөлуге мамандардың жетіспеушілігі, халық санының күрт өсуі, коммуналдық қызметтердің уақытылы көрсетілмеуі себеп.

«Бүгінгі күні Рахат ауылы халқының саны – 45 848 адам құрайды. Халық саны жыл басымен салыстырғанда 2 555 адамға өсіп отыр. Айта кетсем, 2017 жылы - 32 111 адам, 2018 жылы – 38 267 адам, 2019 жылы – 43 293 адамға өсім бар. Ауылдың жалпы көлемі – 4 605,2 гектар. Рахат ауылындағы «Ақсу», «Мерей» «Рахат» шағынаудандары «Рахат» ауылының құрамында қалып, «Жұлдыз» шағынауданы жаңадан құрылатын Кендірлі ауылының құрамына кіреді»,- деді Нұрберген Худибаев.

Мәселен, тұрғыны 40 мыңнан асатын елді мекенде 18-20 мемлекеттік қызметкер болуы тиіс. Ал, ауылда маман тапшы.

«Рахат ауылы бөлінген жағдайда бюджет шығындарының көлемі 771,2 млн.теңгеден 898,2 млн. теңгеге дейін ұлғаяды. Ұсынылған бюджет шығындары көлемінің өсу себебі мектепке дейінгі білім беру, тазалық қызметі, көше жарығына қызмет көрсету мен ауылды абаттандыру жұмыстарының ауқымына байланысты болады»,-деді Рахат ауылының әкімі Өсербай Табыншаев.

Келешекте Кендірлі ауылында денсаулық, білім беру, спорт, мәдениет, автомобиль жолдары, инженерлік-инфрақұрылым, мемлекеттік қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту саласы дамып, жаңа нысандар бой көтереді деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар