Маңғыстауда электр қуатының бағасы өспейді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында электр энергиясына тариф келесі жылдың наурыз айына дейін өзгермейтін болды., деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысындағы екі елді мекенді тоқпен жабдықтауға жеке компания жауапты. Серіктестік өкілдері осы жаздан бастап тарифті көтеру туралы ұсынысын өкілетті органға жазбаша түрде жолдаған. Алайда, өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті сұранымды кері қайтарып, келер көктемге дейін тарифті көтермеу туралы шешім шығарған. Бір ай бұрын облыс орталығында осы тақырыпта қоғамдық тыңдау өткен еді. Жиында екі елді мекенді тоқпен жабдықтауға міндетті жеке компания электр қуатының бағасын Мұнайлы ауданында 14 теңге 43 тиыннан 15 теңгеге, ал ақтаулықтар үшін 15 теңге 96 тиыннан 16 теңге 83 тиынға көтеруге ниетті жеткізген.

«Биыл 29 маусымда энергетика министрлігі шығарған бұйрыққа сәйкес елімізде тариф өзгергені мәлім. Осыған сай энергия комбинаты қолданыстағы бағаны 12 теңге 12 тиыннан 13 теңге 10 тиынға дейін көтерді. Жоғарыдағы сұранымның туындауы да осы себепті. Алайда, серіктестік ұсынған құжаттарға қатысты сұрақтар болды. Тарифтің орынсыз көтерілуіне жол бермеуге қатысты айтылған Президент тапсырмасы біздің осы шешімді қабылдауымызға түрткі болды», - деді Табиғи монополияларды реттеу комитеті аймақтық департаментінің басшысы Жандос Сәлімов.

Маңғыстау облысындағы елді мекендерді токпен жабдықтауға 7 мекеме жауапты. Олар қалалық энергокомбинат өндірген электр энергиясын тасымалдаумен айналысады.


Соңғы жаңалықтар