Маңғыстауда бұқаралық спортпен шұғылданатындар саны бір жылда 12,9 мыңға өскен

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Статистикаға, қазақстандықтардың 31% ғана бұқаралық спортпен айналысады. Ал Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш 36,8% құрап, 2020 жылғы деңгейге қарағанда 12 993 адамға өскен, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мұндай жетістікке ауладағы спорт алаңдары, көшедегі жаттығу алаңдары, балаларға арналған спорт мектептері, жекеменшік жаттығу залдарының көптеп салынуы мен спортшы тарту бағытындағы спорт федерацияларының жүйелі жұмыс жүргізуі септігін тигізген.

Бүгінде облыста 104 спорт түрі қамтылған. Онда 4-17 жас аралығындағы 210 400 бала мен жасөспірім спортпен шұғылданады.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қалалар мен аудан орталықтарында спорт секциясын ашу, балалар үйірмесінің қызметін және халықты бұқаралық спортпен айналысуға тарту және балаларды тегін спорт секциясымен қамту тапсырмасы бойынша биыл спорттың 56 түрінен 249 секция ашылды. 3 740 бала тегін спортпен шұғылдануда.

Бүгінде облыс бойынша 822 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 447-і далада орналасқан алаң мен воркаут. Ал, ауылдық елді мекендерге 213 алаң салынды.

Бұдан бөлек аймақта жабық ғимаратағы 33 спорт кешені бар. Оның 13 Ақтау қаласында орналасқан. Облыста 19 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі спорттың 46 түрінен балалар мен жасөспірімдерді тегін жатықтырады. Онда 636 жаттықтырушы, 18 708 баланы шынықтырып жүр. Сонымен қатар, 6 мамандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 5-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер 21 спорт түрінен тегін қатысады. Мектепте жоғары білімді 172 жаттықтырушы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы аула балаларын спортқа тарту бойынша «Біздің ауланың чемпиондары» жобасы қолға алынды. Облыс көлемінде ашылған 64 үй ауласындағы спорт алаңында 14 000-ға жуық қала және ауыл баласы жаттығуда. Спорт алаңдары барлық деңгейдегі тұрғындарға қолжетімді әрі ыңғайлы болғандықтан, балалар мен олардың ата-анасының арасында үлкен сұранысқа ие.

«Салауатты өмір салты – дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі шарты», - деп мемлекет басшысы мәлімдеген болатын. Президент бұл ойымен бұқаралық және балалар спортын дамыту стратегиялық басымдық екеніне назар аударып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, біз 2025 жылға дейін өңір тұрғындарының 50 пайызын спортқа тарту жоспарланып отыр. Осы мақсатта жаңа спорт нысандарын салып, оларды керек-жарақпен толық жабдықтау міндеті тұр», - деді облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.



Соңғы жаңалықтар