Маңғыстауда биыл 10 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Өңірде биыл мемлекеттік түрлі бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтылған жастар саны 10 мыңға жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтсақ, «Еңбек» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 7881 жас екі қолына бір күрек тапқан. Жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да нәтижелі болды. Биыл 384 жас ауылдық жерлерге жұмысқа тартылып, оларға көтерме ақы төленді, сондай-ақ 309 жас маманға тұрғын үй алуға несие берілген.

Мәселен, Түпқараған ауданының тұрғыны Раушан Сарбаева ауылдың медицина саласына үлес қосуда. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетін тәмамдап, 2018 жылдан бері Форт-Шевченконың орталық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етуде.

«Оқуды бітірген бойда ауылға баруды жөн көрдім. Себебі, оқудағы ұстаздарымыз үнемі ауылдан бастаған дұрыс деп кеңес беретін. Мен де ойлана келе, осындай шешім қабылдадым. Аурухана жағдайы жақсы, тұрғындар да риза»,-дейді Раушан Сарбаева.

Өңірде кәсіпкерлікке бет бұрған жастар саны артуда. Өзін ғана емес, өзгені жұмыспен қамтып, идеясын кәсібіне айналдырғандар мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көруде. Мәселен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облыстық филиалы жанынан жүзеге асырылған «Жас кәсіпкер» жобасы аясында биыл 141 адам жалпы сомасы 71 млн 205 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік грант жеңіп алды.

Биылғы жылы облыста «Zhas Project» жобасы қарқынды іске асырылды. Жоба аясында Маңғыстау облысы республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Яғни 285 жоба іске асырылса, 566 млн теңге көлемінде қайтарымсыз инвестиция берілді.

Жоба нәтижесінде өңірде ет және сүт өнімдерін өндіру, жылыжайлар мен құс фермасы бойынша 93 шағын шаруашылық, 26 білім беру орталықтары, 17 демалыс орталығы мен шығармашылық үйірмесі, 19 спорт орталығы мен фитнес клубы, 24 наубайхана мен кондитерлік, 29 тігін және аяқ киім шебарханасы, 5 сұлулық салоны қызметтерін бастады.

Мәселен, жоба аясында өз кәсібін бастаған Қарақия ауданы, Құрық селосының тұрғыны Бибігүл Мырзабекова ауылдан музыкалық мектеп ашты. Ол аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналардың балалары мен жартылай және тұл жетім балаларға тегін білім берді.

«Жоспар бойынша 30 балаға тегін музыкалық білім беруді көздедік. Бірақ, түгел аудан бойынша 80 оқушыны қамтыдық. 3 бағытта жұмыс жасаймыз: вокал, гитара, домбыра үйірмелері бар. Жалпы сомасы 940 мың теңге алдым. Қаражатқа аспаптарды сатып алдық. Ата-аналардың сұранысы бойынша актерлік шеберлік, би үйірмесін қостық. Біздің мектепте тәлім алған оқушылар облыстағы әр түрлі қайырымдылық шараларға атсалысуда»,-дейді Бибігүл Мурзабекова.

Сонымен қатар, республикалық «Бастау бизнес» жобасы арқылы 295 жас кәсіпкерлік машықтарын меңгерді. Оқып шыққан жастар бизнес жобаларын қорғап, әрі қарай кәсібін ашуға мүмкіндік алды.

Маусымдық «Жасыл ел» жобасы бойынша биыл 1228 жас ауылдық елді мекендерді абаттандыруға атсалысты.

«Кеңес алаңы» жобасы аясында 9 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қала, аудан аумағында орналасқан 21 кәсіпорын мен мекемелер қатысып 365 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңеке 300-ге тарта жастар қатысты.

Айта кетейік, Маңғыстауда 14-29 жас аралығында 145 657 жас бар, ол облыс халқының 23 пайызын құрайды. Оның ішінде – 70 174 қалалық, 75 483 ауылдық жастар.

Соңғы жаңалықтар