Маңғыстауда 8-сынып оқушысы аквагрим арқылы табыс тауып жүр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Түпқараған ауданына қарасты Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Камила Дәуренқызы М. Горький атындағы орта мектептің 8-сыныбында оқиды. Ол мектеп оқушысы бола тұрса да, жаны қалаған кәсібі арқылы табыс тауып, отбасына қолғанат болып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түпқараған ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Камила кішкентай кезінен аквагриммен айналысады.

​«Аквагрим - теріге салынатын сурет. Оның бала денсаулығына ешқандай зияны жоқ деп айтуға болады. Өйткені ол косметикалық бояудың көмегімен салынады. Ал оның құрамы қарапайым: вазелин, глицерин, тазартылған спирт, бояғыштан ғана тұрады. Соңғы жылдары кең танылған бұл қызмет балалар ойын-сауық алаңдарында, парктерде, сауда орталықтарында, аквапарктерде сұранысқа ие. Мереке күндері мен жәрмеңкелерде жақсы табыс алып келеді. Мен сурет салғанды жақсы көремін. Сондықтан маған бұл кәсіп түрі ұнайды»,-дейді Камила Дәуренқызы.

​Камиланың анасы Жұлдыз Әбішова қызының суретшілік дарынын бастауыш сыныпта байқаған.

«Қызымның суретшілік қабілеті атасынан да, әкесінен де дарыған деп айтсам, артық емес шығар. Өйткені Камиланың атасы суретшілік қабілеті бар кісі болса, әкесі сәулетші мамандығында оқыған»,-деді анасы.

Қазіргі таңда пандемияға байланысты кең ауқымдағы мерекелік шаралар мен басқосулардың болмай жатқаны түсінікті.

Дегенмен, адам аз жиналған туған күн секілді мерекелік кештерде аквагриммен табыс тауып жүр.

Ол эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскен соң кәсібінің дөңгелейтініне сенімді.


Соңғы жаңалықтар