Маңғыстауда 300-ден астам түлек ҰБТ кезінде 100-ден жоғары балл жинаған

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу барлық санитарлық талаптарға сай өткізілді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге облыстың 5736 түлегі қатысуға өтініш берген.

«Облыс бойынша ең жоғарғы балды (138) Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің «Алтын белгі» иегері Салтанат Құлжанова жинады. Сондай-ақ, «Білім-инновация» лицейінің 4 түлегінің SAT халықаралық сертификатының нәтижесі ҰБТ-ның 140 балына теңестірілді. Шекті балл жинай алмаған түлектер 15-17 тамыз күндері ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алады. Тестілеуге өтініштер 1 тамызға дейін жүргізіледі. Бұл жағдайда талапкер жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсе алады. Университеттің ақылы бөліміне түсу үшін қаңтар айындағы шекті балл жинаған сертификаттары жарамды болып есептеледі» деді А.Сейдалиев.

Айта кетейік, маусым айында ҰБТ-дан шекті балл жинаған түлектер жоғары оқу орнында оқу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысады. Биыл мемлекеттік грант көлемі 69 мың 256 орынға бекітілді.

Құжат қабылдау egov.kz электронды үкімет порталы арқылы 13-30 шілде күндері өтеді. Конкурс нәтижесі жарияланғаннан кейін 5-10 тамызда жергілікті әкімдіктің грантына өтініш қабылдау басталады.

Жергілікті әкімдіктің гранты конкурсына үміткерлерге арналған жадынама ақпарат мемлекеттік грант конкурсы өткеннен кейін Маңғыстау облыстық білім басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында және интернет-ресурсында жарияланады.


Соңғы жаңалықтар