Маңғыстауда 2 мыңға жуық шетел азаматы көші-қон заңнамасын бұзған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында көші-қон заңнамасын бұзған екі мыңға жуық шетелдік анықталды. Биылғы 5 айда 138 шетелдік ел аумағынан шығарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жалпы, Маңғыстау облысында 8 860 шетелдік азамат тұрады. Тәртіп сақшылары 2 мыңға жуық шетелдікті ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осы жылдың 5 айында сот органдарының шешімімен 138 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығарылды. Жыл басынан облыс бойынша, яғни көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне сәйкес, ҚР ҚК-нің 392-бабы (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша 2 шетелдік адам анықталды», - делінген сайт ақпаратында.

Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша ішкі көші-қонды бақылауды қамтамасыз ету барысында 21 913-ке жуық азамат тіркелген. Жеке куәліктер мен паспорттарды рәсімдеуге 39 754 өтінім қаралып, осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының азаматтығына 1270 адам қабылданды. Айта кетсек, алдыңғы жылы ҚР азаматтығын 1054 адам алған.


Соңғы жаңалықтар