Маңғыстауда 15 инвестициялық жоба жүзеге асты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат — Биыл Маңғыстау – инвестиция тарту бойынша үздік аймақтар қатарында. Өңірде 116,2 млрд теңгенің 15 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1200 адам жұмыспен қамтылды. Олардың ішінде отандық капиталдың қатысуымен 18,9 млрд теңгенің 10 жобасы, шетелдік инвесторлардың қолдауымен 91,9 млрд теңгеге 4 жоба, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 1,9 млрд теңгенің 1 жобасы бар. Жыл бойы өңірде атқарылған ілкімді істер жайын ҚазАқпарат тілшісі саралап көрді.

Биыл өңірде құны 81,1 млрд теңге болатын 21 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 2 жоба шетелдік және 19 жоба отандық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады.

«Мәселен, құны 21,4 млрд теңге болатын «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метрсу тұщыту зауыты. Екіншісі,Кендірлі аймағында теңіз суын тұщыту зауыты салынады. 2021-2022 жылдары салынады деген жоспар бар. Тәулігіне 50 мың текше метр. Барлық қажеттілікті өтейді. Қазір техникалық-негіздемесі жасалып жатыр», - деді Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

КАРАНТИН КЕЗІНДЕ МАҢҒЫСТАУҒА КЕЛЕТІН ТУРИСТЕР САНЫ 177 МЫҢНАН АСТЫ

Биыл шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асқан ірі жобалардың бірі - «Риксос Ақтау» туристік-қонақүй кешені. Құны 60,8 млрд теңге. 635 жаңа жұмыс орны ашылды. «Риксос Ақтау» жобасы Орталық Азиядағы курорттық типтес ең ірі отель. Бұл жоба аймақ туризімнің дамуына тың серпін берді. Осы жылдың 2-ші тоқсанында осы туризм саласында 1 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Биыл өңірге 177 мың турист келген. Оның басым бөлігі жаз айларында қыдырып келген. Ақтау қаласының «Жылы жағажай» теңіз курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамту мақсатында Үкіметтің қолдауымен 17 млрд теңгеге 31 шақырым жол салынды. 2020 жылдың 1-жартысының қорытындысымен туризм саласына салынған инвестиция көлемі 68,7 млрд теңгені құрап, 3,7 есеге артты.

Маңғыстау еліміздегі донор облыстардың бірі. Дегенмен пандемия Қазақстанның мұнай индустриясына салқынын тигізбей қоймады. Мәселен, 2020 жылы мұнай өндіру жоспары 90-нан 85 миллион тоннаға дейін қысқарды. Бұл өз кезегінде мұнай өндіруші және мұнай сервистік компанияларының жұмыс көлемінің төмендеуіне алып келді. Мәселен, экономикадағы, оның ішінде мұнай саласында орын алған жағдайға байланысты 11 айда өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі92,6% құрады. Өнеркәсіптік өнімінің НКИ айзаюдың негізгі себебі, ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру көлемі 8%-ға азайды. Нәтижесінде, жоспарланған 18 млн тонна орнына, осы жылға 16,6 млн тонна құрайды деп күтіледі.

КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ТЕҢІЗ ҚАҚПАСЫ АРҚЫЛЫ АЛЫС-БЕРІС АРТТЫ

Өңірде қара алтын өндіру саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі байқалғанымен көлік және логистика саласында оң өзгерістер бар. Маңғыстауда құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамыту жұмыстары қолға алынған. Карантин уақытында шекара арқылы тауар тасымалында қиындық туды. Алайда, теңіз қақпасы арқылы алыс-беріс тоқтаған жоқ. Керісінше, байланыс жандана түсті. Ақтау, Құрық теңіз және Солтүстік терминал порттары арқылы 10 айда жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 4,5 млн тоннаны құрады.

«Қазір Каспий арқылы жүк тасымалын дамыту мақсатында паром желісін көбейтуді қолға алып жатырмыз. Осыған дейін Әзербайжан еліне тікелей жүк тасымалдап келсек, биылдан бастап Иран порттарына жаңа жол ашылды. Өткен айда Құрық пен Иранның Амирабад порттары арасында алғаш рет паром желісі іске қосылды. Сонымен қатар екі буксир сатып алдық. Оған «Бекет» және «Жанат» атауын бердік. Порттың әлеуетін дамыту үшін келер жылы екі бидай терминалын салатын болдық», - деді Құрық портының бас директоры Серік Ахметов.

Маңғыстауда теңіз порттарының салынып, көлік логистикасының дамуы өңірде жаңа кәсіпорын ашуға ниеттілердің артуына жол ашты. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін алыс, жақын шет елдерден инвесторлар келе бастады. Соңғы 10 жылда өңірдегі өнеркәсіпке құйылған инвестиция көлемі 2,6 трлн теңгеге жетті. Бұл табыстың еселенуіне 2003 жылы ашылған Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағы зор үлес қосты. Экономикалық аймақта 18 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.

Мұнай мен газға бай облыста өндірістің 88,8 процентін тау-кен өнеркәсібі құрайды. Соңғы жылдары инвесторлар өңдеу өнеркәсібін дамытуға ден қоя бастапты. Аймақ басшылары биыл бұл саладағы көрсеткіштердің жоғары болғанын айтады. Әсіресе тамақ, мұнай-химия мен жеңіл өнеркәсіпте өсім бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 4 процентке артқан.

«Облысымыздың тарихында өңдеу өнеркәсібі биыл былтырдан бастап өте жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Соңғы 10 жылдың ішінде 15,3 пайызға өсім көрсеткен. Ал жаңа айтып кеткен тау-кен өнеркәсібі 6 пайызға өсім көрсеткен. Қазіргі инвесторлар, бизнес өкілдері өңдеу өнеркәсібіне көп көңіл бөлуде», - облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы Талғат Әбдіқадыров.

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ КӘСІБІ ТҰРАЛАП ҚАЛҒАН 17 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӘСІПКЕР САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН БОСАТЫЛДЫ

Бизнес демекші, пандемия кезінде кәсібі тұралап қалған 17 мыңға жуық кәсіпкер салық төлеуден босатылды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қойған міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу.Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі – 31,8% құрады. Маңғыстаулық кәсіпкерлер 2-тоқсанда 17,6% өсім көрсетіп, 692,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бүгінде шағын және орта бизнестің 740 жобасы мемлекеттік қолдау механизмдерін пайдаланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 2 есеге артық.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Олардың негізгілері: «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес» және «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 623 жоба 61,6 млрд. теңгеге қолдау алды. 1400-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, 4100 жұмыс орны сақталды. Өткен жылмен салыстарғанда жобалардың саны 2 есеге ұлғайды», Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Мұқаметжан Көбеген.

Сондай-ақ, 404 кәсіпкерге жалпы сомасы 14,8 млрд. теңгеге негізгі қарыздары мен сыйақы төлемін өтеу кейінге қалдырылды. Коронавирус пандемиясымен күрес кезінде өңірде 200 орындық модульді инфекциялық орталық ашылды. Онда коронавируске шалдыққан науқастарға кешенді ем жүргізіледі. Орталық озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Өзінің оттегі станциясы да бар. Сондай-ақ аймақтың жедел-жәрдем станциясы су жаңа 20 реанимобильмен толықты. Ішінде жасанды тыныс алу құрылғылары бар мына су жаңа реанимобильдер аудандарға жол тартты. 20 жедел-жәрдем көлігінің 13-і Ақтау қаласына, 5-і Мұнайлы ауданына, екеуі санитарлық авиацияға бөлінді.

«Бұл әрине Маңғыстау облысына өте үлкен көмек. Мына күтіп отырған пандемияның келесі толқынына толық дайынбыз деп айта аламын. Бұл санитарлық автомашиналар медициналық жабдықтармен түгел толықтырылған. Бұрын облысымызда машиналар жетіскен жоқ. Бар жоғы 47 машинамен шыққанбыз пандемияның бірінші толқынында. Қазір 72 машина пандемияның келесі толқынында ешқандай қиналмастан шығамыз деп ойлап отырмыз», - Айларбек Шыршықбаевоблыстық жедел-жәрдем станциясы директорының м.а.

Бүгінде аймақ бойынша 215 инфекциялық төсек-орын мен 9 стационар бар. Бұдан бөлек тағы 11 стационар мен 1835 кереует қолданысқа әзір. Бұдан өзге биылғы жылдың соңына дейін Ақтауда 100 орындық қалалық көпбейінді аурухана ашылады. Коронавирустың болжамды келесі толқынын қайтаруға 2700 медициналық қызметші дайындықтан өткізілді. 27 наурыздан бастап 31желтоқсанға дейін 3701 коронавирус инфекциясы тіркеліп, ауру деңгейінің көрсеткіші 507,7 –ні құрады. Соңғы репродуктивті көрсеткіш 1,9 болды.

2021 ЖЫЛЫ АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Маңғыстау облысының 2021 жылға арналған бюджеті бекітілді. Республикалық бюджеттен бөлінетін трансферт пен кредитті есепке алғанда жергілікті бюджеттің жалпы көлемі 234 млрд теңгені құрады. 2021 жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі ауылда құны 1,8 млрд теңге болатын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бүгінгі күні 8 ауылға 63 жобаға 5,3 млрд теңге қаражат қарастырылды. Ал, 2020 жылға арналған облыс бюджеті 210 млрд.теңге көлемінде бекітілді. Жергілікті бюджет көлемі 4 рет нақтыланып, қазір 274 млрд.теңгені құрады.


Соңғы жаңалықтар