Маңғыстау өңірінде радиоактивті қалдықтарды өңдеу кешенінің құрылысы тоқтатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданы әкімінің «West Dala» ЖШС-не радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған кешен құрылысы үшін жер учаскесін жалға беру жөніндегі қаулысы күшін жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат жергілікті әкімдікке сілтеме жасап.

Аудан әкімінің радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған кешен құрылысы үшін жер учаскесін «West Dala» ЖШС-не жалға беру туралы қаулысы Маңғыстау облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының наразылығы негізінде күшін жойды. Себебі, жерді жалға алудың бастапқы нысаналы мақсаты өзгерген. Сондықтан, аудан әкімдігінің қаулысы заңсыз саналады.

«Атырау облысы Махамбет ауданында заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен «West Dala» ЖШС Қарақия ауданында 2010 жылдан бастап қызмет етеді. Серіктестік 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған. Сол кезде ауданы әкімдігі қосалқы жер қорынан мұнай өнімі қалдықтарын қайта өңдеу үшін жалға 30 га жер учаскесін берді«, - деп хабарлайды аудан әкімдігі.

Мұнан соң 2016 жылы 27 желтоқсанда нысаналы мақсат «Өндірістік және тұтыну қалдықтарын қабылдау, уақытша сақтау, өңдеу, кәдеге жарату, зиянсыздандыру, орналастыру мен көму кешені және тазартылған сарқынды суларды буландыру алаңдарының құрылысын салу және пайдалану үшін» деп өзгертілген.

«Сонымен бірге, компания мұнай өндірісінде қолданылатын төмен деңгейде радиациясы бар құбырлар мен қондырғыларды залалсыздандырып, қайта пайдалану мақсатында инвестициялық жоба ұсынды. Құны - 800 млн тг. Жоба аясында 40 адамды жұмыспен қамту көзделген. Осыған байланысты бұрынғы жер көлеміне қосымша 8 га жер учаскесі бөлінді», - деп толықтырады атқарушы орган.

Осылайша, аудан әкімдігінің 2021 жылғы 18 қаңтардағы №7 Қаулысы бойынша барлығы 38 га жер 2029 жылдың 20 мамырына дейін аталған серіктестікке жалға беріледі.

Алайда, 2021 жылғы 2 маусымда оның 5, 6 гектарының нысаналы мақсаты ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің 14.01.2019 жылғы №19000486 мемлекеттік лицензиясына сәйкес «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған, оларды қабылдау, жинау, сұрыптау, сақтау, көму, дезактивациялау (жабдықтарды, материалдарды, ғимараттарды), радиациялық реабилитациялау, рекультивациялау, зиянсыздандыру, өңдеу, жою бойынша арнайы кешен құрылысы үшін» деп өзгертіліп берілген.

Аудан әкімдігі осы өзгертілген мақсаты бойынша жұмыс жүргізілмегенін, демек қоршаған ортаға зиян келтірілмегенін алға тартады.

Еске салсақ, бұған дейін АШМ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтарып алу тетіктері туралы ақпарат таратқан болатын.


Соңғы жаңалықтар