Маңғыстау облысының Кендірлі аймағында жаңа елді мекен құрылмақ

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласында тұрғын-үймен қамту мәселесін шешу бағытында Кендірлі аймағында жаңа елді мекен құрылмақ,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров мәлімдеді.

Қала әкімінің айтуынша, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде 4 444 арыз тіркелген. Оның 229-сі жетімдер, 1 793-і әлеуметтік осал топтар, 2422 бюджет саласының қызметкерлері бар.

«Қала халқының өсуіне байланысты, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, Кендірлі аймағында жаңа елді мекен құру қажеттілігі туындауда. Осыған орай, жаңа аудан құрудың басым бағыттарын және күтілетін нәтижесін атап айтатын болсақ, Жаңаөзен қаласына қарасты 3 ауыл (Теңге, Рахат, Қызылсай) жаңа құрылған ауданның құрамына кіріп, Жаңаөзен қаласы халқының саны – 81,3 мың адамды құрайтын болады. Жеке тұрғын үй құрылысына, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері беріледі»,-деді Мақсат Ибағаров.

Кендірлі аймағында бастапқыда халық саны 5 мыңға жуық адамды құрайтын жаңа елді мекен құрып, оған аудан орталығы мәртебесін беру жоспарланып отыр.

«Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жобамен – 4,4 млрд.теңгені қажет болады. Оның ішінде электрмен қамту – 651,0 млн.тенге, көшелерді жарықтандыру – 153,0 млн. теңге, газбен қамту – 1,2 млрд. теңге, сумен қамту және резервуар салу – 1,4 млрд. теңге, кәріздік жүйенің құрылысы – 324,0 млн. теңге, автомобиль жолдарын салу– 600,0 млн. Теңгені қажет етеді.

Әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге жобамен – 2,1 млрд. теңге кетеді. Оның ішінде 140 орындық балабақша салуға – 470 млн. теңге, 600 орындық мектеп салуға – 1,0 млрд. теңге, даригерлік амбулатория құрылысына – 206,0 млн. теңге, әкімшілік ғимаратқа – 203,0 млн. теңге, дене шынықтыру кешеніне – 252,0 млн. теңге керек»,-деді Мақсат Ибағаров.

Шаһар басшысы осылайша, 5 мың адам көшіріліп, 20 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын айтты. Нәтижесінде жұмыссыздық мәселесі жойылмақ.

Соңғы жаңалықтар